Қалалық білім бөлімі мен мұғалімдердің төл газеті

15 қазан 2016 - Несипкул Утебаева

Қалалық білім бөлімі  мен мұғалімдердің төл газеті

 

         1998 жылғы тамыз айындағы №1 “Ұстаз” газетінің Түркістан қаласына қарасты қалалық білім бөлімінің жанында жарық көруі — ақ түйенің қарны жарылып, білім қызметкерлерін қуанышқа кенелткен күн еді. Сол кездегі тарих парақтарынан сыр ұғынсақ, “Ұстаз” газетінің іргесін қалаған тұңғыш редакторы – Ғани Ысқақов Жақсылықұлын сағынышпен еске аламыз. Ғани Ысқақов бастауыш сыныптар бойынша әдіскер қызметін атқара жүріп білім саласындағы қызметкерлерге бұқаралық ақпараттық құралдың ауадай қажет екенін сезініп осы аталған газеттің тұрақты шығуына бұла күшін жұмсады. 

      Шығармашылығы сарабдал, таланты ерек, табиғаты бөлек, журналистік қабілеті ұшқыр, сыншыл, сөз ұстасы – Ғани Ысқақовтың рухы биік еді. Әдетте рухы жоғары адам тіршіліктің қиыншылығымен тұйықталып қалмай, өзгенің адамгершілігін де құрметтеп, оған ілтипатпен қарап, әрдайым айналасындағыларға көмектесуге бейім тұрады. Ғани ағайдың шапағатынан  мен де тыс қалмадым. 1998 жылдан бастап Ғани ағай мені қаламгерлікке баулыды. Үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын.  Кейде тапсырыс беретін, яғни  берілген тақырып бойынша мақала жазу керек болатын. Мысалы, 2002 жылы дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайы қарсаңында соған  арнап мақала жазсаң қалай болады деп, қолқа салған болатын Ғани ағай. Сонымен мен “Ұмытылмас  кездесу”, Ғани ағай  “Қайда екен Серікбай аға?” атты  мақала газетке жарияланды. Ғани ағай: “Естелік мақалаларды мұқабаның 1-ші бетіне жарияладым”- деп, балаша қуанып еді.  Ғани ағайдың бір ерекшелігі – лауазымына қарамай үнемі кез-келген адаммен тең дәрежеде сөйлесетін. Ғани ағай  бастауыш сыныптар бойынша әдіскер қызметінде жүргенінде біз оған ойымызды емін-еркін айта алатынбыз. Тіпті, суретімді алдырып кабинетінің төріне “Біздің тілшілер” деген айдармен іліп қойған болатын.  Мені мақалалар, очерк т.б. жазуға төселдірген ұстазым – Ғани ағай менің есімде мәңгі сақталады. 

       Өмірін ұстаздық қызметке және қаламгерлікке арнаған Ғани Ысқақовтың рухани сапаларына ізгілік,  зиялылық, ізденімпаздық,  азаматтық  белсенділігіне таң қалатын едік. Шоқтығы биік тұлғаның “Ұстаз” газеті басылымын шығару барысында аз жасап, көп тындырғанын  ерекше  атап өту –біздің парызымыз. Ғани Ысқақовтың тұлғалық, азаматтық қасиетіне оның көп тындырған ісі дәлел.

       Түркістан қаласының үздік журналисі — “Жыл адамы” атанған  Ғани Ысқақов артына өшпес мұра қалдырып кетті. Оның ізін қасында бірге корректор қызметін атқарып жүрген   Акбар Исхаков жалғастырды. 2002 жылдан бастап “Ұстаз” газетінің және балаларға арналған “Түркістан ұланы” газетінің тізгінін қолға алған редактор – Акбар Исхаков әр түрлі тақырыпта терең ой-пікірлер қозғап,  ұстаз- қаламгерлердің шығармаларын, мақалаларын  тұрақты түрде  жарыққа шығарып жүр.

       “Түркістан ұланы” газетінің символы ретінде балалар газетінің титулына Ғани Ысқақовтың суреті қойылған. “Түркістан ұланы” газетінің жариялымы үшін редактор Акбар Исхаков    облыстық “Қорған” балалар қорының “Ең үздік журналист” атағын иеленді.  Бүгінде  “Ұстаз”, “Түркістан ұланы”   газетінің корректоры әрі тілшісі – марқұм Ғани Ысқақовтың тұяғы – журналист – Ақмарал  Ғаниқызы.  Міне, бүгінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Акбар Исхаков    пен журналист – Ақмарал  Ғаниқызы  қала бойынша мектептердің тыныс-тіршілігін, жағымды жаңалықтарын  үзбей дер кезінде  жариялап  келеді.

       “Ұстаз” газетінің құрылтайшылары: Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөлімі, Білім және ғылым  қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті. Ақылдастар алқасы мүшелері: білім бөлімінің қызметкерлері – Б.Шойбеков, Г.Әсілбаева, А.Батырбекова, М.Кенжебаева, Р.Үрімова, Б.Сарманов, Ә.Әшірбаев және қала әкімінің кеңесшісі Ж.Ибрагимовтер. Төл газетіміздің таралымы бүгінде 4000.

   “Ұстаз” газеті кемшілікті ашып айтатын, ал жетістікті насихаттайтын нағыз  жаңа өнім алатын әрекет. Әрекет жоқ жерде шығармашылық ойлау, оның нәтижесі туралы сөз де болуы мүмкін емес.  Білім берудің барлық деңгейінде білім алушының жұмыс басты болуын (шығармашылық әрекеттің жүріп тұруын) қамтамасыз ету, ақпараттандыру, оны қызыға атқаруға ынталандыру – газеттің келелі мәселесі. Басылымда жетістік пен кемшілік, шындық пен шуақ үнемі сараланып келеді, көңілшектік байқалған емес. Қажет кезінде, жіберілген кемшілікті  қамшылау керек-ақ. “Ұстаз” газеті — өзімізбен мұңдасып, сырласып, жақсылыққа жетелеп келе жатқан – жорға газет. Ұстаздардың игілігіне айналған “Ұстаз” газетінің – рухани құндылықтар жасайтын қоғамдық мәні бар газетке айналары даусыз.

 

Түркістан  қаласы,

Несіпкүл Өтебаева

- 7385044

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!