Ең үздік әдіскер

15 қазан 2016 - Несипкул Утебаева

Облыс бойынша ең үздік әдіскер

 

       Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан қалалық білім бөлімінің математика пәнінің әдіскері    Қуатбек Дәнегүл Құлмаханқызы – ағарту саласында 35 жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз. “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей, ол облыс бойынша математика пәнінің әдіскерлері арасында “Ең үздік әдіскер” атанған. Қуатбек Дәнегүл шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тәртібін, әдісін, тиянақты білім беруін көпшілікке  насихаттай білетін өз ісінің шебері. Мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды, уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді. Таусылмас қазына – сарқылмас байлық – ғылым мен білім. Толассыз ізденіс жолында ізгілікті қызмет атқарып келе жатқан ақжарқын, турашыл, адал жан – Қуатбек Дәнегүлдің жетістіктері толағай теңіз. Енді оның еңбегі туралы сөз қозғайын.

            Ол үнемі білім беру үрдісін ақпараттандыру арқылы білім саласын арттыра отырып, ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен педагогикалық  шеберлігін көтеріп, озат тәжірибені зерттеп-жинақтау арқылы қаламыздағы жас мамандардың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттырып отырады. Сондай-ақ, сабақ тиімділігі мен білім сапасын көтеруге бағытталған мұғалімдердің ізденістік-әдістемелік жұмыстарын жүйелеуге, кезеңдер бойынша нәтижелерін талдауға, бағалауға, әр мұғалімді ынталандыру, білімін үздіксіз және өз бетімен жетілдіруге жұмыс жасап келеді.

          Қуатбек Дәнегүл әрдайым математика пәні мұғалімдерінің облыс, Республика деңгейіндегі семинар, конференцияларға қатысуына жағдай туғызып ықпал етеді. Ол Түркістан қаласындағы мектептер арасында математика пәнінен Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде бірнеше дүркін семинар, конференциялардың жоғары деңгейде өткізілуіне ұйытқы болды.

        Қуатбек  Дәнегүлдің  мұғалімдермен бірлескен  жұмысы бойынша тәжірибені насихаттау үшін озат мұғалімдердің “Логика және тапқырлық” атты  мектеп оқушыларына арналған әдістемелік құралы жарық көрді.

         Оның әдіскерлік қызмет кезінде көрсеткен “Теңдеулерге есептер шығару” тақырыбындағы онлайн сабағы “Ең үздік онлайн сабақ” номинациясына лайықты деп табылды. 

      Қуатбек  Дәнегүлдің  “Математика пәнінен олимпиада есептерінің жинағы” атты әдістемелік нұсқауы және “Математика бойынша ең үздік сабақтар” тақырыбындағы әдістемелік жинағы жарық көрген.

          Білім беру саласындағы шығармашылық жұмыстары мен кәсіби шеберлігі үшін Білім және ғылым министрлігінің “Құрмет грамотасымен”, бірнеше дүркін облыстық, қалалық білім бөлімдерінің “Құрмет грамотасымен”,“Мақтау қағаздарымен”, “Алғыс хаттарымен” марапатталған.

      Түркістан қалалық білім бөлімінің математика пәні бойынша әдіскері  -Дәнегүл Қуатбек пән мұғалімдерінің кәсіби шеберліктерін жаңарту, шығармашылық ізденістерін шыңдауда тынбастан үздіксіз жұмыс атқарып келеді.

       Қоғамдық ғылыми техникалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатының басты бағыттарының бірі – жасөспірімдер арасында зияткерлікті қалыптастыру. Осы орайда елімізде “Интеллектуал – 2050”  жобасы іске асырылуда.  Осы тұрғыда соңғы жетістіктерді атасақ, “Чёрноризец Храбр” халықаралық Болгар Мемлекеттік халықаралық Болгар Мемлекеттік олимпиадасына Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің 6 “Ә”  сынып оқушысы Төребек Жамбыл Қуанышұлы қатысып “Алтын медаль” иегері, ал Бахтияров Санжар “Қола медаль” иегері атанды. Олимпиадаға дайындаған математика пән мұғалімі әрі сынып жетекшісі–Ахметова Қарлығаш. Осы аталған халықаралық олимпиаданың Республикалық кезеңінен Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінен төрт оқушы жүлделі орын алды. Олар: 3 “Г” сынып оқушысы Абдуғали Бақдаулет 3-орын (мұғалімі-Ерденова Мөлдір), 5 “В” сынып оқушылары Баян Бұрхан, Сағат Береке ІІІ-орын (мұғалімі-Ш.Жаңылбекова).  Дарынды оқушылардың дайындығы мен қатысуын ұйымдастырған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Дүйсебекова Фатима.

          ІІ Халықаралық кезең бойынша да Көкшетау қаласында “Балдәурен” лагерінде де екі оқушы алтын медаль иегері атанды. Олар: Бахтияров Санжар мен Төребек Жамбыл.

    2012жылы облыстық деңгейде жаратылыстану-математика циклы бойынша Президенттік олимпиада жеңімпазы Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Сәрсен Болғанай ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. (мұғалімі Ибрагимова Гүлмира). Оқушылардың Кіші Ғылым Академиясында облыстық сырттай байқауында Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Арыстан Гүлнұр марапатталды( мұғалімі Ибрагимова Гүлмира).

      Францияның Париж  қаласында халықаралық  деңгейде өткізілген “Кенгуру” математикалық олипиадасынан Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Саяна Әбдіжаппарқызы Сәбден І дәрежелі дипломмен марапатталып жеңімпаз атанды(пән мұғалімі М.Атаханова).

      2013ж. 3-7 сәуірде Байқоңыр қаласында өткен Ғарыштық зерттеулер бойынша “Ғылым  әлемін ашамыз” атты ІХ халықаралық ғылыми жарыстарының  ІІІ дәрежелі дипломымен Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушылары Пашаева Жансая, Пашаев Азаматтарды  Білім министрі Б.Жұмағұлов марапаттаған болатын.

       Кентау қаласында өткен “Біліммен болашаққа” атты физика-математика пәндерінен Республикалық олимпиаданың  жеңімпаздары атанғандар: Бабайқорған мектебінің 11сынып оқушылары Нәжім Сәния бас жүлдені  иеленген болатын. “Кентау” политехникалық колледжінің студенттік грантына “Сертификат” және ноутбук берілді. Нышанбай Шынар ІІ орынды иеленген. Жеңімпазға 25мың теңге сыйақы және  “Кентау” политехникалық колледжінің студенттік грантына “Сертификат” берілді(пән мұғалімдері Зүбайраев Шыңғыс).

     Кентау қаласында өткен “Біліммен болашаққа” атты физика-математика пәндерінен Республикалық олимпиаданың ІІІ орын жеңімпазы   А.Үсенов мектебінің 9 сынып оқушысы Хайрулла Әлияға 15мың теңге сыйақы, “Кентау” политехникалық колледжінің студенттік грантына “Сертификат” берілді (пән мұғалімі Сарсенбаева Г.)

        Кентау қаласында өткен “Біліммен болашаққа” атты физика-математика пәндерінен Республикалық олимпиаданың ІV орын иегері №31 Абай мектебінің 9 сынып оушысы Зұлпыхар Мұратқа 15 мың теңге сыйақы, “Кентау” политехникалық колледжінің студенттік грантына “Сертификат” берілді (мұғалімі Мұстапаева С.).

       Түркістан қалалық білім бөлімінде  атқарылған игі істер жалғасын таба бермек. Қызметкерлердің бірегейі – Оңтүстік Қазақстан  облысы бойынша “Ең үздік әдіскер” атанған Қуатбек Дәнегүл Құлмаханқызы  жайында теңіздің тамшысындай болса да мағлұмат беруге тырыстым.  “Ғылымдардың патшасы — математиканы” игерген әдіскер Қуатбек Дәнегүл ізгі қасиеттерімен, еңбекқорлығымен, нысаналығымен,  парасаттылығымен,  жауапкершілігімен бұдан да биік белестерді бағындыра береді деген сенімдеміз.

 

Несіпкүл Өтебаева

Осыған ұқсас жазбалар:

Әдіс бірлестіктерСәулелі ұстаз жолы

Әдіс бірлестіктерФилология ғылымының кандидаты әрі әдіскердің тынымсыз еңбек жолы

ҰстаздарғаЖас келсе іске

- 7509227

Теги: әдіскер
Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!