МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ

1 қазан 2016 - Күлзия Есенқызы

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ  ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ

 

Оразова К.Ж.

Балабақшаның ортаңғы топ тәрбиешісі

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы

Сүйіндік ауылы

 

 

Баланың бірінші әрекеті-ойын, сондықтан да ойын-адамның өмірге басардағы алғашқы қадамы. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», — деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.

 Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Сондықтан Дидактикалық ойындардың баланың тілін дамытудағы  мән–мағынасы ерекше. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту, тілін дамыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті–баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, мұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. 

Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Дидактикалық ойындар; қазақ ақын–жазушыларының санға байланысты санамақтар, жаңылтпаштар; сергіту сәттері; іс-әрекеттің конспектісі берілген, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл–күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет.

 Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде балаларлардың тілдік қорын дамытуда санға байланысты санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту ойынның түрлерін пайдалануға болады. Атап айтсақ, геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар «Дәл осындай пішінді тап» , заттарды өлшемі бойынша салыстыруға, жуан және жіңішке заттарды ажыратуға жаттықтыруға арналған  «Үйдің есігін жабайық»,  түстерді ажыратуға жаттықтыру бағытталған  «Өз үйіңді тап»  сияқты көптеген ойындарды пайдалануға болады. Сонымен қатар, « Бес саусақ», «Топ, топ, добым», «Бір апта», «Беске дейін санау» сияқты жиі  айтылатын санамақтар мен  «Ұшып кетті үш құс, ұшып келді ұшқыш», «Пеш үстінде бес мысық, пеш ішінде бес мысық , бес күзетші бес пысық» сияқты жаңылтпаштар және "Жаңылмастан жетеуі, кезек қызмет етеді»  (Аптаның 7 күні) сияқты жұмбақтар.

Балалардың тілдік қорын  қалыптастыруда дидактикалық ойындардың алатын орны ерекше, өйткені ойын балалардың негізгі іс әрекеті.Мектепке дейінгі балалар тәрбиесіндегі  дидактикалық ойындарды нәтижелі қолданудағы негізгі шарты: ол ойын таңдаудағы бірізділікті сақтау, келесі дидактикалық принциптер міндетті түрде ескеруі керек; түсініктілік, қайталанылуы, тапсырмаларды біртіндеп орындау. Баламен іс әрекет түрінде өткізілсе, тапсырмалар оңай орындалып, алға қойған межеге жету оңай болады. Ертегі кейіпкерлеріне, ойыншық кейіпкерге көмектесу баланың қызығушылығын оятып, бәсекелестігін арттырады. Сондай-ақ, тілдік қорымен қатар ойлау, тапқырлық қабілетін дамытып, адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін оятады. Іс-әрекетке Дымбілместі қатыстыру баланың алған білімін еске түсіріп, сол Дымбілмеске үйрету арқылы қабілетін арттырады. Дымбілмеске қарай отырып өз жұмыстарын бақылай білуге, қате жіберіп алмауға деген қырағылықтарын арттырады.

 Ойын арқылы балалардың сөйлеу мәдениеті мен тілдік қорын дамытудың алғашқы қадамдарын қалыптастырамыз. Мысалы, уақытты бағдарлауға үйрету үшін тәулік бөліктері, апта күндері, жыл мезгілдері және айлары туралы санамақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтарды кеңінен пайдаланамыз. Бұл арқылы баланың ойлау, есте сақтау қабілеттері мен тілін дамытуды көздейміз. Ойын ойнату кезінде мына кеңестерді естеріңізде ұстаңыздар: 
1. Ойын балаға да, үлкендерге де қуаныш әкелуі қажет. 
2. Баланы ойынмен қызықтырыңыз, бірақ оны ойнауға мұқтаждамаңыз, ойын тапсырмаларымен ашуға дейін қысым көрсетпеңіз. Ойын кезінде баланы ренжітіп алмаңыз. 
3. Баланың қызығулары «толқынмен» өтеді. Сондықтан, балада ойынға қызығушылығы басылғанда, ол ойын туралы екі айға, тіпті көпке дейін «ұмытыңыз», сосын оны бала «кездейсоқ» есіне түсірсін. 
4. Ойын кезінде күштеу жағдайын болдырмау керек. Баланың белсенді қимылдарын тоқтатпаңыз. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1. Артемова Л.В. Дидактикалық ойындар.  Москва, 1992. 
2. Богуславская З.М., Смирнова Е.О. Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған дамыту ойындары.  Москва, 1991. 
3. Дүйсенбай Е. Санамақ.  Алматы, «Ана тілі», 1996. 
4.  Никитин Б.П. Дамытушы ойындар. Москва, 1994. 
5.  Отер Е. Білікті жетекшілік қажет //Қазақстан мектебі. 2002.-№3.-36 б. 
6. Сансызбайқызы М. Балдырғандарға арналған қызықты математикалық тапсырмалар.  Алматы, «Рауан»,1993. 

- 6926011

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!