Отбасы құндылығы

27 қаңтар 2017 - Салтанат Казиева

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ-ҰЛТТЫҚТӘРБИЕ

Қазиева С.О.

Ш.Еркінов атындағы орта  мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні  мұғалімі

 (Қызылқоға ауданы)

          Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [1].

Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сондықтан мұнда алдымен мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемле­кеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениет­термен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан кел­генше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануы­мыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағида­ның біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интел­лектуалды сапаға көтеріп алу тиімді.

Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта.

Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Қазіргі таңда әлемдік жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейді. Қоғамымызда осындай үдерістердің үдеуі салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастады. Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құнды­лықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалып­тастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары фольклор  үлгілерін сіңіретін де отбасы.Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылық­тарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.Қазіргі таңда отбасы тәрбиесінің көп аспектілі мәселелері мемлекет тарапынан қолдау тауып, Елбасының тікелей бастамасымен бірқатар игілікті істер атқарылуда.   

 Отбасы тәрбиесінің мәселелерi көптеген педагогикалық зерттеулерде де қарастырылған.«Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды» дейді кемеңгер халқымыз.

Осы арқылы тәрбиелі отбасынан тек жақсылық күт десе, шырқы бұзылған отбасын да «Шығады қисық үйден қисық түтін» деп түйреп өтеді ата-бабаларымыз.
Халқымыздың ұлы ақыны хакім Абай баланың өмірді танып-білуіне, оның бойын­да қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.«Отан – отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Адамды әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы отбасынан басталады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақтар отбасында берік ұстанған. Мұны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады. Атап айтсақ, «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті болса, іні әдепті. Апа әдепті болса, сіңлі әдепті», «Әдептің не екенін, әдепсіз адамды көргенде ұғарсың», «Әдепті жігіт өсірсе, ауылдың абыройы», «Жібек мінезді қыз жұртқа жағады». Осы тектес мақал-мәтелдеріміз қазақ халқы әр уақытта әдептілікті құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударғандығын айқын көрсетеді.

Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Ұлттық құндылықтар және отбасылық құндылықтар барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Мысалы, философиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, құндылықтар адамға қоршаған әлемдегі құбылыстардың маңыздылығын, әлеуметтік ерекшеліктерін түсіндіру үшін қолданылады.

«Тәрбиесіз берген білім қауіпті», – деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты парызы.  
            Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз [2].

Өмірді ұғындыратын кең түсініктер. Түсінігі кең адамның қоғамға игілігі де көп тиеді. Қазақ даласында әр түсінік өзінің мағынасымен қолданылған. Мәселен, ер азамат ұғымы отбасының қорғаны, елдің панасы болар тұлғаға арналып айтылған. Өкінішке орай, өткен ғасырларда қазақ ұлты мойнына артылған отаршылық қамытынан шыға алмай, күші жетпегендіктен күштінің әлімжеттігіне амалсыз көніп, көнбістің күнін кеше бастады. Буырқанып бұлқынған ұлттық сана ақырындап булыққан күйі дәрменсіздіктің күйін кешті. Тұрмыстың тепкісінде қалған ұлттық рух, күн көріс, бала-шаға қамын күйттеу ісінен аса алмады. Бір қарағанда, адалдықпен бала-шағаның қамын ойлаудың өзі ұлттық сананың айқын бір көрінісі, естілік келбеті. Есті адам ұрпағының қамын ойлап, елдік санаға қызмет етеді. Қазақ тарихындағы Батырлық рухтың үлгісі ата-баба-әке тәрбиесінен бастау алғандығы  шындық. Ахмет Байтұрсынұлы «елде жоқ рух ақын сөзінде қайдан болсын» дегендей, елде рух болу үшін отбасы мүшелерінің бойында рух болу керек. Қазақ даналығы айтқандай,  «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің».

     Сонымен, отбасы құндылығын сақтау әрі оны кейінгі ұрпаққа аманаттау қазақ өркениетінің темірқазығы болып табылады.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:
1.    Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.
2.    Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан».

- 6926216

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!