Жаңартылған білім-ұлт болашағы

8 қаңтар 2018 - Анар Мейзбекова

«Адамзатқа және қоғамға орасан зор проблема әкелетін жаһандану мен жаңғырту­дың әсерінен айналадағы әлем түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Мектептер оқушыларды түрлі мәдениет өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас жасауды, алуан түрлі идеяларды, көзқа­растар мен құндылықтарды ескеруді, адамдар өздерінің алуан түрлілігіне қарамастан, тех­нологиялардың көмегімен кеңістік пен уақыт кедергілерін жеңе отырып, бір-біріне сенім білдіруін және әріптестікте жұмыс істеуін қажет ететін әлемде, адамдардың өмірі ұлт­тық шекаралар аумағынан тыс мәселелерге байланысты болатын әлемде өмір сүруге және жұмыс істеуге дайындауы керек. Жиырма бірінші ғасырдың мектептері оқушыларды өмір­де, жұмыста және азаматтық ұстанымында өзгелермен ынтымақтастықта өмір сүруге дайындай отырып, ұлттық және жаһандық пікір алуандығының шынайылығын ұғына оты­рып, өзіндік дербестігі мен ерекшелігін дамытуға көмектесуі керек».

Андреас Шлейхер

Жоғарыда келтірілген тұжырым Қазақстанда білім беру саласына өзгеріс қажет екенін анық көрсетеді. Білім беру елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. Сол себептен елімізде орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсы  өткізілді. Бұған себеп, бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні қарастылып, осы мәселе аясында «Балалар XXI ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері қандай болуы керек?» деген сауалдар туындады. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда қол­данылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.

Қазіргі кезде Қазақстанда әлемдік проблемаларға жауап бере ала­тындай деңгейде ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде.

Осы жұмыстар аясында бастауыш сыныптарға арналған білім беру бағдарламасы да қамтылмақ. Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді.

Бірінші кезеңде оқушылардың қазіргі кездегі мықты тұстары мен олар кездестіретін қиындықтар анықталады. Бұл көп жағдайда оқушылардың тапсырмаларды қалай орындайтынын бақылау арқылы, яғни ауызша жауаптарын бақылау және жазбаша жұмыстарын тексеру арқылы жүзеге асады. Содан кейін бұл ақпарат әр оқушының үлгерімін жақсартуға көмектесетін жаттығуларды жоспарлау үшін пайдаланылады.

Бұл үдерісті табысты етуге көмектесетін бірқатар элементтер бар:

                        *мұғалімдер оқушылар қателік жіберуге қорықпайтын, тәуекелге бару мәдениетін қолдайды;

                        

                       *мұғалімдер оқушыларға жұмысының сапасын бағалау құралдарын таңдауға көмектесу үшін барлық оқушылармен қарым-қатынас жасайды;

                       • мұғалімдер оқушылардың оқу мақсаттарына жетуіне мүмкіндік беру үшін оқу мақсаттарын белгілеп, олармен оқушыларды таныстыру арқылы, мақсаттарды бақылап, оқытуды реттеу арқылы оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

                       • мұғалімдер оқушылардың түсінуін бағалау үшін әртүрлі әдістерді қолданады және әртүрлі оқушылардың түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін оқыту әдістерін түрлендіреді;

           • мұғалімдер оқушылардың жұмыстары туралы ауызша және жазбаша кері байланыс ұсынады, бұл кері байланыс уақтылы, айқын болып, нақты критерийлерге негізделе ұсынылады.

            

           Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің (Глейзердің енгізген ұғымы, 1963) нақты жиынтығының көмегімен өлшенеді. Бұл бағалау түрі оқушылардың үлгерімі сыныптастарының үлгерімімен салыстырмалы түрде бағаланатын нормаға негізделген бағалаудан ерекшеленеді.

Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау (ҚБ) және жиынтық бағалау (ЖБ).

Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін/ ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.

Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер оны оқуды өлшеу үшін және алдағы сабақтарын жоспарлау үшін қолданады.

Мұғалімдер қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың нәтижелерін оқушыларға кері байланыс беру үшін және оқу үдерісінің барысында ата-аналарға ақпарат беру үшін пайдаланады.

Қалыптастырушы бағалау оқушылардың оқуда жетістіктерге жетуіне және алға ілгерілеуіне тікелей ықпал ететін және оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін оқыту мен оқудың бөлінбейтін құрамдас бөлігі болып табылады.

Күнделікті қалыптастырушы бағалау барысында, оқушының меңгеру деңгейінің өлшемі мен ілгерілеуін анықтауда, оқыту барысында төменгі әдіс-тәсілдерді «Қол сигналы», «Бағдаршам», «Бір минуттық эссе»,  «Екі жұлдыз, бір тілек», «Жапондық бағалау», «Ауызекі баға», портфолио, журналдар, рубрикалар, сөзжұмбақтар, сұрақтар және тағы басқа түрлерін қолдануға болады.

  Қалыптастырушы бағалаудың әдіс-тәсілдерін сабақтың әр түрлі кезеңдерінде: жаңа тақырыпты түсіндіруде, тапсырма орындау кезеңінде, мұғалімнің оқушыға жұмысының нәтижесін жақсарту мақсатымен кері байланыс ретінде ақпарат беру барысында да қолдануға болады.

Мысалы, мұғалім оқушының жазба жұмысын тексеріп болған соң, оған баға қоймайды, әр түрлі қалыптағы сурет пен бояуларды қолданып белгілей алады. Әрбір белгі мен олардың түстері (сары, қызыл және жасыл, жұлдызша немесе қанатты белгілер) оқушының жауабындағы дұрыс немесе бұрыс орындалған жақтарын көрсетеді.

Сабақ барысында  әрбір оқушы үшін оқу мақсатына жетудегі оқушының үлгерімін көрсететін портфолио жинақталып, ол қалыптастырушы бағалау үшін қолданылуы мүмкін. Портфолиода көптеген деректер қамтылуы мүмкін, соның ішінде:

• жазбаша жұмыстар (мысалы, жұмыс дәптерлері, бағалау журналы, үй тапсырмалары, оқушылар жазбалары);

• фотосуреттер немесе бейне дәлелдемелер (мысалы, көркемсурет жұмыстары, сыныптағы көрме, модельдер, таныстырылым, оқушылар қатысқан музыкалық көрсетілім және оқушылар қатысқан іс-шаралар);

• электронды жазбалар (мысалы, таныстырылымдар, құжаттар, анимациялар);

• мұғалімнің жазбалары немесе сабақты қадағалау жазбалары;

• ата-аналардың пікірлері.

Жиналған дәлелдемелердің сипаты дәстүрлі тест көмегімен анықтау қиынға түсетін дағдыларды бағалауға мүмкіндік беретінін байқатады.

Мұғалімдер оқушылардың қалай оқитынын неғұрлым жақсы түсініп, өздерінің оқыту тәжірибесін жақсартқан сайын, олардың балаларды тиімді оқуға жетелеу қабілеті соғұрлым арта түспек.

 Сонымен қатар мұғалімдер:

                        *барлық оқушылардың қатысуын қамтамасыз ететін жағымды оқу ахуалын қалыптастыруға;

                        *сенімді, жауапты, ойшыл, жаңаға ұмтылатын және іске немқұрайды қарамайтын оқушыларды тәрбиелеуді мақсат етуге;

                        *оқушылардың дағдыларын жақсарту мақсатында тиісті шара қабылдап, лайықты жаттығуларды қолдануға;

                        *алға қойылған оқу мақсатына қол жеткізу арқылы жоспарланған сабақты тиімді өткізу үшін материалдарды, ресурстарды және құралдарды пайдалана отырып; бүкіл сынып қатысатын, топтық немесе жұптық жұмыс түрлерін, жеке жұмыс түрлерін құру және уақыт жағынан басқаруға;

                       • оқушыларды мақтап, оқуға еліктіре, қызықтыра отырып, ұғымдарды түсіндіруде, мағынасын ашуда, нұсқаулық беруде түсінікті, анық, қарапайым тілді пайдалануға;

• оқушыларды бақылап, оларға кері байланыс ұсынуға тиіс.

Төменде кері байланыстың үлгілері берілген:

  — Сен барлық амалдарды жаксы орындадың, алайда екі таңбалы сандарды ондықтан аттап азайту кежінде мұқияттылық қажет. (1- оқушыға берілген кері байланыс үлгісінде мұғалім оқушының амалдарды жақсы орындағанына тоқталып, ары қарай неге көңіл аудару керек екендігін жазады.)

Немесе – Өрнектердегі  амалдар ретін анықтай аласың, екі таңбалы сандарды қоса аласың, өлшем бірліктерін см-  ден дм-ге айналдыра аласың.  

Саған қайталау қажет

1.     Екі таңбалы сандарды азайту

2.     Өлшем бірліктерін дм-ден см-ге айналдыру

(2- оқушыға берілген кері байланыс үлгісінде мұғалім оқушының жақсы орындаған нәтижелеріне нақты тоқталады да, жауапты жақсарту үшін нені қайталау керек екендігін айқындайды. )

                       Оқушыларға кері байланыс беру барысында мұғалімге төмендегілер ұсынылады:

• ненің дұрыс емес екендігін, оны ары қарай қалай түзету керектігі туралы ақпарат бермей тұрып, «дұрыс емес», «қате» сөздерін қолданбау қажет;

• ненің дұрыс/ненің бұрыс екендігін түсіндіріп айту қажет;

• қателікті түзету және дұрыс жауапты жақсарту жолдарын көрсету қажет;

• жіберілген қателік туралы төменгі ақпарат беру:

— қателіктің орны

— қателік түрі

— оны түзету үшін қажетті іс-әрекеттер ұсынылуы қажет;

 Тиімді түрде ұйымдастырылған кері байланыс мұғалімге оқыту үдерісінің қалай жүріп жатқандығы туралы, оқушыға алға ілгерілеуі туралы және ары қарай нәтижені жақсарту үшін түзетуді жоспарлау туралы ақпарат береді, ал оқушыға оның алдында туындайтын 3 сұраққа жауап алу мүмкіндігін береді:

 Мен оқытудың қай кезеңінде тұрмын?

 Нәтижелерге қалай жетемін?

 Қателігімді түзету үшін ары қарай не істеуім қажет?

 

 Оқушы жауабын мазақ етіп, жағымсыз түсіндірме беруге, мысалы, «мисыздың жауабы», «бұған қалай ғана ақылың жетті?», «жетесіз», «басында түк жоқ» деген анайы сөздерді қолданбау керек.

Осындай сөздер оқушылардың жеке тұлғасына кері әсер етеді. Керісінше әрбір педагог алдында отырған әр баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, өз ойларын еркін айтуға, өздігінен шешім қабылдауға мүмкіндік беруі керек. Дәріс беру барысында  әр мұғалімнің ұстанымы оқушыны қатесі үшін жазалап оқыту емес, қателерін түзету үшін оқыту болуы керек.

 

- 8125954

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!