БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ НЕГІЗІ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ

20 қаңтар 2017 - Күлзия Есенқызы

БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ НЕГІЗІ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ

 

Зеинешова Айгул Шапагатовна

«Ақмарал»  бөбекжай-балабақша тәрбиешісі,

Алға ауылы, Құрманғазы ауданы, Атырау облысы

 

        Азамат алдында тұратын ұлы мұрат- міндеттердің ең бастысы-өзінің ісін,өмірін жалғастыратын салауатты саналы, азамат тәрбиелеу. Бұл біздің қоғам алдыңдағы борышымыз. Қазіргі таңдағы еліміздегі жедел ақпараттануы қарқындылығы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Баланың жеке тұлға ретіндегі дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі балабақша қабырғасында байытылатыны сөзсіз. Қазіргі таңда еліміздің білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Сондай-ақ балаларымыздың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл болу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.

     Ел президенті «Қазақстан — 2030» жолдауындағы «Қазақстан Миссиясы» бөлімінде былай дейді: «Ертеңгі жас ұрпақтың денсаулығын, білімі мен өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра білсек, сонда халық та артына данагөй тәрбиелі ұрпақты қалдыра алады… Олар өз елінің патриоты, әлемге танылған азаматы бола алады».

   Мектепке дейінгі жастағы баланың рухани-адамгершілік дамуы балабақшасы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады. Мектепке дейінгі жаста балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді: балалар мен үлкендер арасындағы саналы қарым-қатынас, кеңпейілділік, қайырымдылық, жақын адамдарға қамқорлықпен қарау. В.А.Сухомлинский:  «Біз балалық шақты уайымсыз-қайғысыз, қуаныш пен ойынның, ертегілердің шағы деп есептейміз. Бірақ бұл – өмір ағымы. Адамгершіліктің тамыры тура осы уақытта  жинақталады»-деп атап айтқандай  білім мен тәрбиенің түпкі тамыры балабақшадан бастау алады деп ойлаймын.

     «Біз өзіміздің болашағымызды, жеке балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті» деп көрсетілген Елбасы Н.Ә Назарбаевтың 2030 жылға арналған стратегиялық бағдарламасында. Сондықтан еліміздегі ұлттық қоғамды кемелдендіру ел болашағы- жас ұрпақты жаңа инновациялық әдісте рухтық тәлім және білім негіздерімен қаруландырып,қалыптастыру қажет. Білім мен тәрбие-ажырамас егіз ұғым. Ұлы данышпан Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білімнің күні -қараң» деген сөзі осыны дәлелдесе керек. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа білім-ғылым нәрін берумен қатар, өз халқымыздың тағылым қағидаларын жеке тұрғыда үйретіп, игерудің маңызы зор. Себебі, бүгінгі бала-ертеңгі ата-ана, бала тәрбиелеуеші, халық өкілі, ел намысын қорғаушы, ата-бабалардың ісін жалғастырушы мәңгілік күш. Сол себепті балабақшада білім мен тәрбие негізін қалыптастыруда әртүрлі әдіс-тәсілдер қолдану қажет. Өзімнің іс-тәжірибемнен байқағаным, мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның  ролі ерекше. «Ойын дегеніміз-ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»-деп В.Ф Сухомлинский айтқандай, ойын ақылды, ойды, тапқырлықты, алғырлықты дамытады. Сабақта ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой-өрісін, танымдылық белсенділігін арттырады. Теорияны практикамен ұштастыруға жол ашады. Алайда, ойынды үнемі оқу процесінде қолдануға, ұзақ уақыт созуға болмайды. Ойын белгілі бір уақытта жүзеге асырылып, сабақ кездерінде нұқсан келтірмейтіндей жымдасып жатуы тиіс. Сонымен қатар ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынды әрбір бала ойнап өседі, ойынды көп ойнаған бала дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік, нағыз сезімтал тұлға болмақ. Әрине, ойын адамның дамуына, қалыптасуына әртүрлі әсер береді. Кейбір бала ойында шынайы өмірді бейнелесе, кейбір бала ішкі сезімін білдіреді. Ойынның дамуына және баланың ойынға араласуына әсер ететін факторлар өте көп. Ойынның өзгеріп отыруы балалардың жас және жеке дара ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, сюжеттік рөлді, қимыл-қозғалыс, драматизациялық, музыкалық, дидактикалық, құрастыру, ұлттық, спорттық, дамытушы ойындардың түрлері бар. Әрқайсысының өзіндік мәні, ерекшеліктері, мазмұны, ережелері, тәртібі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық функциялары бар. Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойында басталады». Мысалы; сюжеттік — рөлді ойындар. Ойынның негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған өмірді — адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады. Ойында бөлме теңіз, аспан кеңістігі де, темір жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар жағдайға ойынның өздері ойлаған түпкі ниеті мен мазмұнына лайықты маңыз береді.Ойын іс-әрекетінің тағы бір ерекшелігі — оның әрекеттік сипаты. Балалар ойын шығарушылар, ойынды жасаушылар болып табылады. Олар ойында өздеріне мәлім өмір құбылыстары мен оқиғалары туралы білімдерін бейнелейді, оларға өзінің қатынасын білдіреді. Балалар ойынының ерекшелігі бейненің  ойын әрекеті мен сөздің ұштасуымен өзара байланыстылығында. Бұл оның сыртқы белгісі емес, шын мәні. Ойында бала өзі бейнелеген қаһарманның іс-әрекетімен, сезімімен тыныстайды. Кейде бейненің баланы баурап әкететіні соншалық, ол тіпті өзін әдеттегідей шақырғанға жауап та қатпайды. Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Тіпті бала жалғыз болғанның өзінде ойыншықтармен сөйлесіп жүреді. Ойынға қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі, өзі мен мамасы үшін, науқас кісі мен дәрігер үшін сөйлеседі және т.б. Сөз нақ бір ойын әрекетін сүйемелдеуші болып табылады, бейнені, оған баланың өз қатынасын толығырақ ашады. Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен рөл атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлесіп, әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойында сөзбен уәделесу ұйымдастырушылық қызмет атқарады, балалар арасында өзара түсінісу мен достықтың, қоршаған өмірдің қайсыбір фактілері мен құбылыстарына бірдей көзқарастың пайда болуына және дамуына көмектеседі. Бейненің, ойын әрекеті мен сөздің өзара байланысы ойын қызметінің өзегі болып табылады, шындықты бейнелеудің құралы қызметін атқарады. Ойынның негізгі құрылымдық элементтері мыналар: ойынның түпкі ниеті, сюжеті немесе мазмұны; ойын әрекеттері, рөлдер; ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі. Бұл элементтер өзара тығыз байланысты және ойынды балалардың өзінше бір іс — әрекеті ретінде көрсетеді.  Жас бүлдіршіндер ойыны сырттай қарағанда керемет қиындығы жоқ, оп-оңай тәрізді көрінуі мүмкін. Ал, іс жүзінде бала үшін ойын ойнау  барысында  балалармен тіл табысып,  өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Мәселен, рөлдерге бөлгенде балаға өзіне ұнамсыз рөл тиуінің өзі- ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті — балалардың ойынға өз қызығушылығымен,  ынтасымен қатысуын қамтамассыз ету. Сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні артта түседі.  Осындай ойын нәтижесінде кішкентайлар тобындағы сәбилердің екі-үшеуден бірігіп ойнауы келе-келе ұжымдық бағыт алады. Ал, ересектер тобының балалары алған білімдеріне,  өмірден жинаған азды-көпті тәжірибелеріне сүйене отырып  тәртіптерін, мінез-құлықтарын жағдайға қарай бейімдей алады. Балалардың өзара қарым-қатынастары тұрақты қажеттілікке айнала бастайды. Тәрбиешінің міндеті баланың қиялын әрі қарай өрбітуге жағдай жасап асқан шеберлікпен бағыт беріп, басшылық жасау. Тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сай таңдалған ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.

Қорыта айтқанда, бүгінгі балабақшаның мақсат-міндеті әр тәрбиеленуші баланың жеке тұлғалық қадамына әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы жол ашу болып отыр. Мұндағы бар салмақ балабақша айнасы болып есептелетін тәрбиеші иығына түспек. Балабақша, білім мен тәрбие  беру саласындағы мақсат, міндеттер әрбір тәрбиеші санасынан, тәрбиеші жүрегінен шықпайынша, белгілі бір нәтиже береді деп айту артық болады. Әрбір тәрбиеленушіні дарынды, тәрбиелі екендігіне сендіру тәрбиеші бойындағы құдіретті күш. Өйткені, сенім үлкен жеңіске жетелейді.Алғашқы біліммен қоса сапалы тәрбие беру-әрбір тәрбиешінің  абыройлы борышы.

 

 

 

 

 

- 6925979

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!