Жас келсе іске

15 қазан 2016 - Несипкул Утебаева

Жас келсе іске

 

             Кенжебаева Тоқжанның   ұстаздық  мамандықты таңдауына  түрткі болған өзінің анасы Мария Жаңбыршықызы  болған  еді. Анасына еліктеп құлдыраңдап өскен Тоқжан мектеп бітіргеннен кейін еш ойланбастан мұғалім болуға бекінгенді.

         Шәкірттерінің өн бойына ізгілік нұрын құйып, біліммен қаруландырып, аянбай тер төгіп, жас өркендер санасында  өшпестей із қалдырған  Мария Жаңбыршықызы ұлағатты ұстаздарымыздың бірегейі. Қарапайымдылықты жанына серік  еткен ұстамды Мария апай  жас мамандарға әдістемелік көмектер көрсетіп, өз тәжірибесін ортаға салып, үлгілі сабақтарын беріп, үйретуші –ұстаз  атанады. 37 жылдық педагогикалық  еңбек өтілі бар тәжірибелі  ұстаз. Ол  Қазақстан  Республикасы оқу ісінің озаты, іс-тәжірибесі республика көлемінде таратылған, өзбек бөлімінің 7- сыныбына арнап оқулық    жазған білікті ұстаз. Тәлімдік, тәрбиелік мәні бар  мақалалары баспасөз  беттерінде жиі жарияланып  тұрады. Ол  сонымен қатар  қалалық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің әдіскері қызметін де біраз  жылдар  атқарған. Бүгінде Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ  кеңесінде жұмыс атқарады.

         Енді мақалаға  арқау болған кейіпкер, ұстаз-ананың ұстаздық ілімін жалғастырушы ізбасар-мұрагері Кенжебаева Тоқжан  жайында  әңгіме өрбітейік.

        Кенжебаева Тоқжан еңбек жолын 1998 жылы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиядан бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды.

         2000 жылдан бастап психолог мамандығы бойынша осы аталған  мектепте  қызмет жасайды. Тыңғылықты еңбек ете жүріп  сырттай жоғары оқу орнын бітіріп,  2002жылдан бастап қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.  Сапалы білім сіңірудің ең негізгі арнасы – қазақ тілі мен әдебиет сабақтары болғандықтан халық педагогикасы элементтерін сабақтарында тиімді пайдаланады.  Халықтық педагогиканы оқушы санасына құр сөзбен ғана емес, драмалық сабақ түрлерін ұйымдастырып  тұрмыс-салтқа байланысты оқушылардың қабілеттеріне қарай рольдерді бөліп беріп қойылымдар қойғызады.

         Оқушыларға  драмалық шығарманың табиғатын үйретіп  қабілеттерін шыңдайды. Мысалы, “Жақсылық пен жамандық”, “Байдың үш баласы” деген ертегілердің сюжеті бойынша Жақсылық болып бір оқушы,  Жамандық болып бір оқушы ойнайды.  Нәтижесінде көрермендер (оқушылар) ертегінің мазмұнына қанығып,  қаскөйлік пен адамгершіліктің ақыры не болатындығын   аңғарады.

       С.Сейфуллиннің “Аққудың айрылысуы” поэмасы бойынша, М.Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясын  өткенде т.б. туындыларды өткенде халықтық педагогиканы шебер пайдаланады. Ол қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде өз ісінің шебері атанады.

        Мектеп әкімшілігі  көзі қарақты, көкірегі ояу жас маманның қабілетін тани отырып, оны 2004 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі  орынбасары етіп тағайындайды.

          Ол  тәрбие саласы бойынша адамгершілікті, табандылықты, адалдықты, имандылық пен еңбексүйгіштікті, Отан, туған жер, халқын сүю, ата-ана, бауырға құрмет,  сүйіспеншілік сияқты тәлім-тәрбиені  оқушылардың санасына  сіңіру үшін алуан жұмыс формаларын ұйымдастырады.  Мектептегі тәрбие саласындағы іс-шараларды жандандыра  жүргізеді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып “НұрОтан” ХДП-ның мектептегі  топ  жетекшілігі қызметін де қоса атқарады.

       2007 жылдан бастап Оранғай ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектебіне  әлеуметтік педагог мамандығы бойынша қызметке ауысады. Ол-әртүрлі әлеуметтік-мәдени орталардағы балалармен тәрбие  жұмысын, оқу тәрбиесінде және қарым-қатынасында қиыншылығы бар оқушыларды әлеуметтік-педагогикалық көмекпен қамтамасыз етуді шебер ұйымдастырады.  Білім  мекемесінде балаларға жоспарлы түрде  материалдық және рухани көмек беруді жүйелі түрде орындап отырады. Сондай-ақ ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, оларға жеке кеңес беріп, отбасылық мәселелерді бірлесе шешуге көмектеседі.  Психологиялық, педагогикалық зерттеулер жүргізіп  мектептің әлеуметтік педагогы ретінде талай істерді тындырады.

         Кенжебаева Тоқжан 2013 жылдан бастап Түркістан қалалық білім бөліміне  қазақ тілі мен әдебиет пәнінің әдіскері қызметіне ауысады. Содан бері қала мен ауыл мектептеріндегі мұғалімдерге әдістемелік көмек беруде аянбай еңбек етіп келеді. Осы кезеңнен бастап инновациялық үрдістерді жүргізу барысында пәндік олимпиада, байқау, интеллектуалдық марафон, оқушылар мен мұғалімдердің зерттеушілік және жобалаушылық әрекетін ұйымдастырып, ҚР “Білім туралы заңның” жүзеге асуын жіті қадағалайды.  Әдістемелік бірлестіктің іс-құжаттарын дұрыс жүргізу бойынша нұсқау беріп,  қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімдерімен жұмыс жүргізіп, олардың біліктілігін арттырады. Қалалық олимпиадаларда мұғалімдермен  бірлесе жұмыс жасап жүлдегерлерді  іріктей  анықтап,  жеңімпаздарға   облыстық олимпиадаға  жолдама    бергізеді. Жолдаманы  иеленген бірқатар   оқушылар  облыстан құралақан қайтпай,  жүлделі  орындарды  қанжығаларына  байлайды. Енді  осы  мәліметке  көз жүгіртейік.

       2015-2016 оқу жылы бойынша облыстық пәндік олимпиададан М.Әуезов мектебінен 10 сынып оқушысы Абдулла Әлия ІІІ орынға, Изатуллаев мектебінен 10 сынып оқушысы Камалова Дияра ІІ орынға, Иқан мектебінен 11 сынып оқушысы Ибрагимова Шахло Алғыс хатпен марапатталды.

         Тәуелсіздікке арналған “Менің Отаным – Қазақстан”  атты шығармалар сайысынан Югнаки,  №20 мектептің оқушылары жүлделі орындарға ие болды.  Пән мұғалімдері Таңжарықов Бекзат, Өсерова Тұрсынай.

      Мақала жазу үшін сұхбат алуға барғанымда,  Кенжебаева Тоқжан  “Мен жас маманмын  ғой,  әлі  алда  көп жұмыс жасауым керек,  мен туралы мақала жазбай-ақ қойыңызшы,  әлі ертелеу...” деген болатын.  Еңбек жолында қалай сатылап еңбекпен тер төге  өскені,  көтерілгені   баршамызға аян, сондықтан  да зерек те алғыр  жас әдіскер жайында  жазғым келді. Себебі, “Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой”  дегендей,  Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиядан  ұстаздық жолын бастаған Кенжебаева Тоқжанның педагогикалық саладағы  әрбір басқан қадамы  нық  еді. Тоқжан маған қарап:  “ Мақала  жариялап жатсаңыз,  мен үшін  сіз де менің ұстазым  болғанын қосыңыз”  деген-ді. “Жақсы сөз жан  жадыратады”  дегендей, мен де өз кезегімде  Тоқжанның сөзін  бүкпей  жариялайын.

        Ұйымдастыру  ісінің шебері – Кенжебаева Тоқжанға  алдағы уақытта күш-қуатыңызды сарқа жұмсап мұғалімдердің  шығармашылығын дамытуда  қалалық  байқаулар  мен білім  бәсекелерін  ұйымдастыруда  үлкен  жетістіктерге жетіп  еңбегіңіз жемісті  бола  берсін демекпіз.

       Ұстаз- ана – Мария Жаңбыршықызының  сара жолын  жалғаған  ұқыпты шәкірт қызы  Кенжебаева Тоқжанның   шығармашылық  иесіне айналып талай  биіктерді  бағындырары  сөзсіз.  Жас келсе іске дегендей, Түркістан қалалық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша  әдіскері   Кенжебаева Тоқжанның алар асуы әлі алда.                                  

 

                                                                                                                           Несіпкүл Өтебаева

Осыған ұқсас жазбалар:

Әдіс бірлестіктерФилология ғылымының кандидаты әрі әдіскердің тынымсыз еңбек жолы

ҰстаздарғаЕң үздік әдіскер

Қазақ тіліЖалқы есім және жалпы есім

Әдіс бірлестіктерСәулелі ұстаз жолы

Қазақ тіліЕтістіктің шақтарын қайталау

- 6186472

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!