Ақын ағаға арнау

25 қараша 2016 - Кенжегул Бекбаева
Ақын ағаға арнау

Безродных атындағы орта мектебінің 

8  сынып оқушысы Жукенова Сабина  

Ақын ағаға арнау

Өмір өтер, бес күн жарық-жанталас,

Көңілден мұң, жүректен шер тарқамас.

Бір ұлынан айырылды Жетісу,

Арда ақыннан айырылды алты Алаш.

 

Амал нешік, жас кептелді көмейге,

Ақын өтсе күн тұтылған емей не?!

Жайық барып хабар айтса Каспийге,

Ертіс келіп көңіл айтты Семейге.

 

Қара өлеңді сірә сендей сүймеспін,

Алау-жырға сірә сендей күймеспін.

«Ақын өлді!» деген сұмдық екен-ау,

Сен кеткенде, ел көшкендей күй кештім.

 

Жетпесең де бұл жетпіс бес тойыңа,

Енді аңызсың, ғайбат қалар жайына.

Тұрушы едің  Хантәңірдей қасқайып,

Тәкаппарлық жарасатын бойыңа.

 

О, Алакөл, сен де жұмақ мекенсің,

О, Сәкен-жыр, желден жүйрік бөкенсің.

Мейірімді күннен сұрап алдың ба,

Асқақтықты таудан алған екенсің.

 

Жылап ақты жеті тарау өзенің,

Өкінішпен өртеп елдің өзегін.

Не айтса да бетке айтатын айтарын,

Туғаны жоқ тура бидің өзі едің.

 

Саңқылдаған үнің кетпес құлақтан,

Бейнең кетпес жаралғандай шуақтан.

Сырың қалды бозбалаға арман боп,

Жырың қалды сұлуларды жылатқан.

 

Осалы жоқ Сәкен деген аттастың,

Қара өлеңнің қантамырын дәп бастың.

Ілиястан кейін туған ақын ең,

Жетісуды жеті айналсам таппаспын.

 

Өзің жоқта олақ кескен жеңдеймін,

Өлеңіңмен жан жарамды емдеймін.

Бұл ғаламға келер талай жақсы адам,

Сендей ақын келеріне сенбеймін!

 

- 6183949

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!