Бағдарлама Фонетика – тіл дыбыстарының ғылымы (10-сыныпқа арналған қолданбалы курс)



 

Түсінік хат

Мектепте білім беруде ең негізгі болып саналатын пән – қазақ тілі. Қазақ тілі маңызды, әрі күрделі пән болып келеді. Адамзаттың тілі – дыбыстық тіл. Әрбір тілдің өмір сүруінің әдісі – тіл дыбыстары. Сөздер дыбыстардың өзара тіркесуі түрінде айтылмаған кезде, тілдің қатынас құрамы да, пікір алысу құрамы да болуы мүмкін емес. Тілдің дыбыстық жүйесі оның ғасырлар бойы өмір сүруіне, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыруына мүмкіндік туғызады. Біз ұсынып отырған фонетика саласына қолданбалы курс жаңа білім жүйесінің басты негіздерін жүзеге асыру жөнінде бағыт береді. Мектепте дұрыс оқытудың да, дұрыс жазудың да әдістемесінің көптеген мәселелері фонетикаға негізделді. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мәселелерді оқып меңгеру, ең алдымен, тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғат пен фонетикалық саланы білуді қажет етеді.

Әрбір ұлттың өзіне тән ана тілі бар. Тіл халыққа үздіксіз қызмет етеді. Қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Нақты әдеби тіліміз бар. Қазақ тілінің байлығы – қазақ халқының ұлттық құндылығы. Осы байлықтың қадір-қасиетін бағалай білу – келешек жас ұрпақтардың зор міндеті. Ана тіліміздің қыр-сырын, қадір-қасиетін кеңінен тану үшін қазақ тілін терең білудің маңызы зор. Осы тұрғыда жұмыс жүргізу қолданбалы курстың негізгі мақсаты болып табылады.

Құрастырылған бағдарлама арқылы 5-сыныпта алған білімдерін қайта толықтыру мақсатында, оқушыға терең, тиянақты білім беру мәселесін дамыта түсуді талап етеді. Фонетика саласы орфоэпиямен тығыз байланысты болғандықтан, оны  жақсы меңгерген оқушы өз ана тілінде дұрыс, анық, түсінікті, әрі мәнерлі сөйлеуге үйренеді.

 

Бағдарламаның мақсаты:

—         Фонетика  тарауы бойынша тіл дыбыстарын, олардың құрамын, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары туралы, дыбыстық тілдің басқа да мәселелерін тереңірек білу.


 

Бағдарламаның міндеті:

-         Тіл дыбыстарының фонетикалық қасиеттерін білу, дыбыстардың өзара байланысын түсіну;

-         Фонетикалық терминдерді дұрыс пайдаланып, тілдік категориялардың мәнін ұғыну;

-         Қазақ тілінің халықтық сипатын танытатын тілдегі дыбыстық үйлесім мен үндестіктің байланысын орынды пайдалану;

-         Орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарды түсініп, оның коммуникативтік біліктілікпен байланысын тану.

-         Тілдік-эстетикалық сезімге баулу, өздігінен жұмыс істеу дағдыларын арттыру.

—         Оқушылардың логикалық ойлауын, қабылдау әрекеттерін жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін арттыру.
 

Күтілетін нәтиже:

Оқушылардың фонетика саласы бойынша білімдері кеңейіп, дыбыстық ерекшеліктерді, заңдылықтарды білген соң  қазақ тілінде дұрыс жазып, дұрыс сөйлеуге машықтанады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде фонетика, орфография, орфоэпия сұрақтары бойынша қиындық туғызбай, жақсы сапа көрсетуге бағыттайды. Оқушылардың өз ана тіліне деген қызығушылығы артады. Өз бетінше тереңірек іздену қабілеттері оянады. Қазақ тілінің бір бағытын алып, зерттеп ізденудің арты ғылыми жұмыспен айналысуға көздейді. Осындай қолданбалы курстардың, қосымша пәндердің мектепте болуының маңызы зор, сондай-ақ олар әр пәннің тереңірек оқытылуына жағдай жасайды.

«Фонетика – тіл дыбыстарының ғылымы» атты қолданбалы курсының негізгі мазмұны

1-3-сабақ.

Фонетика — тіл дыбыстары туралы ғылым екендігіне жалпы түсінік. 5-сыныпта алған білімдерін еске түсіру. Фонетика салаларымен, заңдарымен танысу. Фонетикалық термин сөздердің қай тілден енгені жайында түсінік беру. Тіл дыбыстарының жасалу жолдарына тоқталу. Қазақ әліпби құрамына байланысты тапсырмалар орындау.

4-11-сабақ.

Дауысты дыбыстар. Дауысты дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін білу. Тілдің қатысына қарай, еріннің қатысына қарай, жақтың қатысына қарай түрлерін тапсырмалардан ажырату. Дауыстылардың жазылу емлесіне тоқталу, сатылай-кешенді талдау, дыбыстық талдаулар жасату.

12-17-сабақ.

Дауыссыз дыбыстар туралы білімдерін еске түсіру. Дауыссыз дыбыстардың өзіндік белгілері: үн мен салдырдан тұратындығы, созуға келмейтіндігі, буын құрай алмайтындығы мысалдармен дәлелденеді. Дауыссыз дыбыстардың жазылу емлелеріне 5-сағат бөлу. Осы тақырыпқа сай тапсырмалармен қатар сатылай кешенді талдау, фонетика-математикалық талдау, дыбыстық талдау жүргізу. Тест тапсырмаларымен бекіту.

18-19-сабақ.

Буынның түрлерін, жасалу жолдары тақырыбын ашу, оларға мысалдар келтірту, талдаулар жасап үйрену. Буын мен тасымалдың бір-бірімен  байланысын анықтау. Берілген сөздерді буындарға бөлгізу, тасымалданбайтын сөздерді тапқызу, себебін айтқызу. Тест тапсырмаларымен бекіту.

20-30-сабақ.

Тіл үндестігі тақырыбы бойынша оқушылар жалпы түсінік алады. Буын үндестігін, буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаларды  атайды, білмегендерін жазады, мысалдар келтіреді. Қазақ сөздерінде буын үндестігінің сақталуы тілдік заңдылық екендігін ерекше атау. Басқа тілдерде буын үндестігінің сақталмауы туралы айтып кету. Еріндік, езулік дауыстылар арасындағы үндестік: о-ы, ө-і, ұ-ы, ү-і әріптерінің емлесіне тоқталу, тапсырмалар орындау. Дыбыстық талдаулар жасау. Оқушылар тақырыпқа сай тест тапсырмаларын орындайды.

Дыбыс үндестігі бойынша білімдерін толықтыру. Сөз қолданысындағы дауыссыз дыбыстардың өзара үндесетіндігі, дауысты дыбыстардың дауыссыз дыбыстарға әсер ететіндігі туралы мысалдар келтіре отырып түсіндіру. Ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпалдарға жеке-жеке тоқталып, жаттығу, тапсырмалар арқылы жүзеге асыру.  Оқушылар дыбыстық талдаулар жасайды. Сөз құрамындағы, сөз тіркестеріндегі дыбыстардың үндестігін берілген мысалдардан, мәтіннен табады. Тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениетімен байланыстыру. Тест тапсырмалары арқылы білімдерін тексеру. Сатылай кешенді талдау жүргізіледі.
 

31-32-сабақ.

Орфоэпия мен орфография ережелерін еске түсірту. Сөздерді дұрыс айту, дұрыс жазу нормаларына байланысты сөздіктермен жұмыс жасату. Фонетикалық, морфологиялық, дәстүрлік ұстанымдарды білу, тақырып көлемінде тапсырмалар, тест жүргізу.

33-34-сабақ.

Өтілген тақырыптар төңірегінде әр түрлі тапсырмалар, жаттығулар орындау. Фонетика-математикалық талдау, дыбыстық талдау, сатылай-кешенді талдау жүргізу. Бірнеше тест тапсырмаларымен бекіту.




 



 

- 5675473

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!