Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы

22 желтоқсан 2016 - майра Картаева
Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы

 

Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы

 

Қазіргі таңда бірнеше тілді меңгерген және үйренгісі келетін жастарды көп кездестіреміз. Бұл – заман талабы. Өйткені жаһандану жағдайында өркениетті елдермен тығыз байланыс орнатып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, озық технология жетістіктерін меңгеру үшін тіл үйренгеніміз абзал.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру жоспарлары — елдің кемел келешегі үшін жасалған бағдарламалар. Бүгінде балабақшадан бастап қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқытылуда. Әрине, өз ана тілін толыққанды білмейтін балаға бірнеше тілді қатар үйретуге қарсы пікірлер де айтылады. Педагогтардың айтуынша үш жастағы бала білім алуға дайын  көрінеді. Осы ойға жүгінсек, балабақшадан бастап тілге үйретудің маңызын түсінеміз. Кіп-кішкентай бүлдіршін естігенін, көргенін ешқашан ұмытпайды. Оның үстіне тәрбиеші мен мұғалімнің рөлі өзгеше. Олар тәрбиеші мен мұғалімнің айтқанын бұлжытпай орындайды. Бұл тұрғыдан да жоғарыда айтылған пікірге қосылуға болады.

Ал ғалымдардың пікірінше дүние жүзіндегі генетикалық жағынан ең таза ұлт – қазақ ұлты. Бірнеше ұлттың қанына генетикалық талдау жасай келіп, қазақтың тазалығына үңілген зерттеушілер олардың ата-баба дәстүріне тәнті болған екен. Өйткені жеті ата, рулық бөлініс – қан тазалығының бірден-бір кепілі. Жақында ғана ғалым Ө.Озғанбаев бір сөзінде ең әдемі ұлт та қазақ екенін тілге тиек етті. Бұл да шетелдік зерттеушілердің талдау нәтижесінде түйген ойлары. Болмысынан алғыр, зерек, дүниетанымы кең халықтың ұрпағы қандай жағдайда да даралығын көрсетіп келеді. Бұған ешкім де дау айта қоймас.  

Қазақ елі болмысынан жақсылыққа жаны жақын, қонағын төріне оздырған, ашық мінезді, дархан пейілді жұрт. Ғасырлар бойы төрткүл дүниенің құпиясын зерттеп, бүгінгі күнге баға жетпес рухани мол қазынаны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан ұлтымыз озық отыз елдің қатарына кірудің нақты 100 қадамын жоспарлап отыр. Осы жоспардың ішінде ең маңыздысы да – үштұғырлы тіл саясаты.

Мұғалім ретінде осы бағдарламаға барынша өз үлесімді қосқым келеді. Ағылшын тілін оқыту барысында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар алып отыру дағдыға айналған. Қарапайым амандасудың сан түрін үйрете отырып, әр ұлттың салт-дәстүріне, мәдениетіне тоқтала кеткен де орынды. Әр сабақ сайын балалардың ағылшын тіліне деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын көріп қуанам. Берілген тапсырмамен ғана шектеліп қалмай, қосымша ақпарат жинау да олардың күнделікті әдетіне айналған. Мен өз оқушыларымның тілге деген құрметін көріп марқаям. Өйткені біздің ертеңіміз – біздің оқушыларымыз. Олардың армандары асқақ, тілектері бір. Ол – Қазақстанды әлемге таныту. Бірі боксшы, бірі мұғалім, бірі аудармашы, бірі бизнесмен болуды армандағанымен, елге қызмет етуде қазақтың қарапайым баласы екендігін ұмытпауды жиі айтады. Мен осындай саналы ұрпақтың өсіп келе жатқанына мақтанам.

Қазіргі мектеп оқушысы ақпараттық технологияны терең меңгерген. Олардың дүниетанымы өте жоғары. Абай атамыз айтпақшы, бүгінгі ұрпақ білсем, көрсем, үйренсем деп өсіп келеді. Сондықтан да мен өз шәкірттерімді мақтан тұтамын.

Біз қандай жақсы іс тындырсақ та, ол елге деген құрмет, Отанға сүйіспеншіліктен жасалуы тиіс. Әр сабағымда осы қағиданы үнемі еске салып отырам. Мен саналы ұрпақтың, тәрбиелі ұл мен қыздың болашағына үлкен сеніммен қараймын. «Үміт еткен көзімнің нұры» ертеңгі күні қазақтың абыройын асыратын білікті маман болатыны сөзсіз.

Осыған ұқсас жазбалар:

Шет тілдеріКөптілділік – білім берудің жаңа сатысы

- 6141194

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!