Жақсылық жасайық

4 ақпан 2017 - Акжол Серикбаев
Жақсылық жасайық

Алла берді өмірді сынақ қылып

Адамдарды бір-бірінен жырақ қылып

Өмірдің қызығы бар, қайғысы бар.

Сол өмірді бағалаңдар тірі жандар.

Эй, адамзат, эй адамның баласы

Адамдардың сергек болар санасы

Ұйықтап жатқан ақылыңды оят та,

Ақылға салып мына мысалға қарашы.

Ерболат: Айтпақшы, кешегі тапсырма не болды?

Көмекшісі: Бардық. Олар өз келісімін бермей жатыр.

Ерболат: Жарайды. Мына мекен-жайға бар да, осы компанияға ұсыныс тастаңдар. Оларға жағдайды түсіндірсеңдер қолдау керек. Бар тездетіп барып кел. (қағаздарын жөнге келтіріп жатады.)

Данияр: Ассалаумағалейкум, Ереке! (күледі)

Ерболат: Данияр! (таңқалып). Оо, о. Уағалейкумассалам! Амансың ба?

Данияр: Аман. Өзің қалайсың?

Ерболат: Жақсы. Сені де көретін күн болады екен.

Данияр: (күліп) Танысып қой, Ереке менің жолдасым Азамат.

Ерболат: Ерболат

Азамат: Азамат.

Ерболат: Танысқаныма өте қуаныштымын.

Азамат: Мен де

Данияр: Азекең үлкен қызметкер кісі.

Данияр: Ал енді Ерекең екеуміз бір сыныпта оқығанбыз.

Азамат: Одноклассник.

Данияр: Иә, талай қызықтарды бірге өткізген сыныптас жолдасым ғой.

Ерболат: А-а. Айтпақшы, келіңдер отырыңдар.

Данияр: Ереке, кабинетің керемет екен. Қарасам, қатты іскер болып кеткенсің-ау дейм. Байқайм, түріңізде бір шаршау бар сияқты. Жұмыс, жұмыс деп бір дем алмайсыз-ау дейм иа.

Ерболат: Менің жұмысымды қайтесің. Одан да келген шаруаңды айтып отыр.

Данияр: Ой, менікі не шаруа дейсің. Қазіргі заманда ақша болса болды, барлық шаруа шешіледі емес пе? Бүгін мына жолдасым Азеке кеше әке атанып. Соны тойлап жүрген сиқымыз бар.

Ерболат: Оо. Құтты болсын, бауы берік болсын!

Азамат: Рахмет, рахмет.

Данияр: Азекең осы қуанышын көппен бөлісем деп. Сен бар, мен бар. Бір жерге барып отырсақ қайтеді.

Ерболат: Жүріңдер, үйге барайық. Ет салдырайын, дәм татыңдар.

Данияр: Жоқ, Ереке әуре болма. Ақша бар, бір мейрамханаға бармаймыз ба?

Ерболат: Мейрамхананы қайтесің, екеуміз бірге жүрген, балалық шағымыз өткен ауылға барып, балық аулап, суға түсіп, киелі топырағымызға аунап қайтсек қайтеді. Азекеңе біздің ауылдың сұлулығын көрсетпейміз бе?

Данияр: Ой, ой. Ауылға ма? Қойшы, сол ауылды. Мен ол ауылды ұмытқалы қашан.

Ерболат: Ұмытқалы дегенің не? Ол сенің кіндік қаның тамған жер ғой. Әке-шешең сол ауылда емес пе? Сен сол кісілердің жар дегенде жалғыз баласы емесің бе?

Данияр: Иә, батя мен мамаша сонда ғой. Бірақ, ол кісілердің жүзін көрмегелі қай заман. Ауылға барудан қалдым. Қол тимейді. Өзің көріп тұрсың жұмыс. Ол кісілермен телефонмен хабарласып тұрамын ғой.

Ерболат: Данияр, сенің бұның жарамайды. Ол кісілер сенен қызық көреміз деп сені тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірді ғой. Ауылда кезінде ең керемет киім киетін, біз жемеген тәттіні жеп, біз түсімізде көрмейтін ойыншықтар сенде болушы еді. Барлық нәрсені бірінші болып сен көруші едің. Сөйткен әке-шешеңе білдірген алғысың осы ма?

Данияр: Ой, Ереке қойшы. Өзің көріп тұрсың. Мен ақша тауып еркіндікте жүрген адаммын. Жас күніңде ойна да күл деп баяғыда өзің айтпаушы ма едің. Қазір біз нағыз еркіндікте жүрген ер азамат емеспіз бе?

Ерболат: Туған ауылыңа бармай, әке-шешеңе бір сәлем бермеуді  еркіндік дейсің бе жоқ әлде еркектік дейсің бе? Бұл ешқандай еркектік емес, барып тұрған хайуандық. Хайуан болғанда да нағыз шошқаның тірлігі.

Данияр: Ауу, Ереке менің адам деген атымды шошқа деп қорламаңыз. Мен жаңа заманның жаңа талаптарымен еркін өмір сүріп жатқан адаммын.

Ерболат: Еркін адамдармыз де. Онда сен бар тапқан ақшаңды шаш. Құмар ойынына сал. Сарғайып ауылда баласын бір көруге зар болып отырған, немерелерін маңдайынан бір иіскесем деп армандап отырған үлкен кісілердің арманы сонда не болмақ? Сондағы еркіндігің осы ма сенің?

Данияр: Ереке, ақша болса сен де сөйтер едің. Жүрер едің, ішер едің, күлер едің. Міне, еркіндік деген осы.

Ерболат: Бекерге сөйлеме, қазақтың еркіндігі сен айтқан еркіндік емес. Ұлы даланың еркіндігі иман, ұят, астың адалын, судың тұнығын ішу. Адамға жақсылық жасау, үлкенді құрметтеу, ата-ананың алдындағы перзенттік борышын өтеу, артыңнан құран бағыштайтын ұрпақ қалдыру. Міне, қазақтың еркіндігі қайда жатыр.

Данияр: Ереке, ол заман ғой. Айналаңа көз ашып қарашы. Қай заманда өмір сүріп жатырсың? Мен де мұсылманмын. Мынау Азеке де мұсылман.

Азамат: Да, да я тоже мұсылман.

Данияр: Құран менің үйімнің төрінде ілулі тұр. Азекеңнің үйінде де тұр. Біз де жұма сайын жеті шелпек пісіріп, көршілерге таратамыз. Намаз оқып шал болғанда да үлгереміз. Қалғанын о дүниеге барғанда көппен бірге көрерміз.

Ерболат: Нені көресің көппен бірге. Сенің құранды іліп, жеті шелпек пісіргеніңді қайтейін. Егер жиырма жылдың ішінде әке-шешеңе бір сәлем беруге шамаң келмесе. Сонда сен осыны өмірдің қызығы деп тұрсың ба? Данияр, барш. Саған текке кетіретін уақытым жоқ.

Данияр: Ереке, жарайды. Екеуміз көп сөйлеп кеттік. Қойшы, ауылы да, заманы да құрсыншы. Мен саған бір шаруамен келгем.

Ерболат: Манадан соны айтпайсың ба.

Данияр: Алдында мен айтып едім ғой. Азекең бір жұмыспен айналысып жүр деп. Соған сенің бір қолың керек болып тұр еді. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, а-а айтпақшы қызыңды ұзатайын деп жатыр екенсің ғой.

Азамат: А-а. Құтты болсын!

Данияр: Иә, қазіргі заманда той жасау оңай емес. Сондықтан қаражат жағынан қиналып жатсаңыз бір шетін көтереміз ғой дегенім ғой. «Ерінде болса, елге, ауызда болса ауылға» деген бар емес пе, Ереке!.. Азеке, қаламсап берші. Мінекейіңіз, мына жерге қол қойып жіберсеңіз (көрсетеді)

Ерболат:  Сонда сендер маған пара бермексіңдер ме? Мен сенен ақша сұрадым ба? Қызымды ұзатуға өзімнің тірнектеп жинаған адал ақшам жетеді.

Данияр: Әрине жетеді, бірақ....

Ерболат: Данияр, жүрші. Бауырым, біз бұрынғыдай жас емеспіз ғой. Осы күнге дейін саған осы жүрісің еш ой тастамады ма?

Данияр: Тастады, әрине тастады. Мен оның бәрін білем

Ерболат: Мен түбінде осындай әділетсіз қойған қолдарыма жауап бермеймін бе, сол уақыт келмей ме? Мен қорқам.

Данияр: Ереке, мен қорқайды дейсің бе, қайтейін енді. Мен бала-шаға бағып жүрген адаммын. Ары тартсаң былай жетпейді, бере тартсаң былай жетпейді. Заман осындай.

Ерболат: Заманды кіналама. Заман орнында тұр. Заман деген мына мен. Заман деген мына сен. Заман деген мына Азамат. Заман деген мына сенің, менің істеген істеріміз. Заман өзгерген жоқ. Ол сен өзгерген.  Күн басқа жерден шығып, ай басқа жерден батып жатыр ма не? Ертең осы балаларыңның өзіңе тап осылай істемесіне кім кепіл?

Данияр: Жоқ, менің балаларым ондай емес. Мен оларға дұрыс тәрбие беріп жатырмын.

Ерболат: Сонда не, сен әке-шешеңе сәлем бермегенің аздай. Енді олардың берген тәрбиесін дұрыс емес деп айтқың келіп тұр ма? Сен неткен адамсың! Өзгеріпсің, Данияр! Заман, заман деп. Мына өзгергеніңе заманды кіналама. Бәріне кінәлі тек сен, мына өзің!

Данияр: Ерболат, болды! Өзіңді ойлай бергенше, көзі жәутеңдеген балаларыңды ойласаң қайтеді? Ертең балаларың әке мен мұнда оқығым келеді, әке мен шетелде оқығым келеді дегенде не айтасың?

Ерболат: Доғар!

Данияр: Сол кезде балаларыңа осы жағдайды жасап бере алмасаң әкелік парызың қайда сонда сенің?

Ерболат: (Даниярды жағасынан алып, жап аузыңды). Сонда адал келген бала-шағамның аузына сенен келген арам ақшаның тамағын ауыздарына салайын ба? Бұл өмірдегі арам ас, арғы өмірде адамның қарнына от болып оралатынын білмеп пе ең? Білмесең оң құлағыңмен, сол құлағыңмен тыңдап ал. Мен тірі тұрғанда балаларымның тамағынан бір арам ас өткізбеспін. Сендермен әңгіме бітті, жоғал!

Данияр: Жарайды, Ерболат! Біз кетейік. Бірақ, күндік өмірің болса, түстік мал жина деген бар. Егер той жасағанда ақша жағынан қиналып жатсаңыз, телефонымды білесіз ғой. Ойланыңыз.

Көмекшісі: Ерболат ағай!

Ерболат: Иә, тыңдап тұрмын.

Көмекшісі: Сіздің берген мекен-жайға бардық. Сіздің сәлемдемеңізді айттым. Олар қол ұштарын бере алмайтынын айтты. Енді не істейміз?

Ерболат: Жарайды, бір мәнісі болар.

Ерболат: Уа, алла тағалам. Өзіңнен қорыққан құлыңа шығатын жол көрсетем және оған ойламаған жерден ризық берем дегенің бар. Мен өзіңе иман келтірдім, жалына сұраймын. Көңілімді адал ниетіңде нәсіп ете көр. Отбасым мен бала-шағамның бір кесек нанын тура жолмен табудың жолын көрсете көр.

Әйелі: Отағасы — ау! Ойға шомып кетіпсіз ғой. Бір нәрсе болды ма?.. Жұмыста бәрі тыныштық па?

Ерболат: Жо-оқ. Тыныштық, жай анау-мынауды ойлап тұрғаным ғой.

Әйелі: Қызыңыздың үйден ұзатылған күні жақындаған сайын сіз меден бетер уайымдайтын болыпсыз. Қызын қияға ұшыру әр ата-ананың міндеті емес пе? Әке мен қыздың жақындығы мықты болады деуші едік, демек сол рас болып тұр ау ә?

Көрші: Ассалаумағалейкум, үйде біреу бар ма?

Әйелі: Саламатсыз ба, ата! Кіріңіз. Үйдеміз ғой. Жоғары шығыңыз.

Ерболат: Ассалаумағалейкум, Садуақас ата! Қалыңыз қалай? Қатша, шай қой!

Көршісі: Амансың ба, көрші. Өзің көрінбейсің ғой. Әй, келін!

Әйелі: Ауу, ата!

Көршісі: Шайыңды үнемі ішіп жүрміз ғой. Айраның болса содан әкел.

Әйелі: Қазір ата әкелемін.

Көршісі: Әй, Ерболат.

Ерболат: Ауу, ақсақал.

Көршісі: Өзің білесің анау күні үйге тамыздыққа отын түсіріп едік қой. Соны жара алмай кемпірім екеуміз әбден қиналып қалдық. Денеден күш қуат кетті ғой. Соған мына сенің балаларың жас қой. Көмектесіп жіберсең деп едім.

Ерболат: О, не дегенің. Мен анау күні ол балаға айтып едім. Сіздердей көршім болғанына мен қуанамын.Қазір, қазір.

Көршісі: Алла, разы болсын, қарағым!

Әйелі: Ата, мінекей айраныңыз.

Ерболат: Ай, Нұрлан! Қайда жүрсіңдер? Мен сендерге Садуақас атаға қарайласып жүріңдер демедім емес пе? Отын түсірген екен. Соны не жара алмай, не жинай алмай қиналып жүрген көрінеді. Ана балаларыңды жина да, жарып, су тимейтін бір жерге үйіп бер. Болыңдар, тездетіңдер.

Ерболат: Ақсақал, қазір балалар келіп жинап береді. Уайымдамаңыз.

Ақсақал, қиямет күнінде мына біздің өміріміз сізге байланысты екен ғой. Ана өмірге барғанда бізді сұраса не дейсіз?

Көршісі: Оның рас. Жақын ағайыңнан көрші жақын болып кетті ғой қазір. Сендей көршіні маған құдайдың өзі жіберген ғой. 

Ерболат, келін! Қой, мен жылжыйын. Кемпірім күтіп қалған болар.

Ерболат: Ақсақал, отырып шай ішіп кетіңіз.

Әйелі: Апаны мен шақырып келейін. Біздің үйден түстеніп алыңыздар.

Біреу: Ассалаумағалейкум! Үйде біреу бар ма?

Әйелі: Отағасы, үйге тағы біреу келді.

Біреу: Есіктеріңіз ашық болғасын...

Ерболат: Кіріңіз, төрлетіңіз. О, о. Ауылдың адамы ғой. Өзіміздің ағамыз екен, қалыңыз қалай? Ат көлік аман ба? Кіріңіз, төрлетіңіз. Дастархан басына келіңіз.

Біреу: Жо-жоқ, Ерболат. Өзіңе шұғыл шаруам бар еді.

Ерболат: Аға, тыныштық па, не болып қалды?

Біреу: Қайтейін жалғызым ғой. Даниярдың жағдайы нашар болып тұр.

Ерболат: Жақында ғана көріп едім ғой. Аман ба, өзі?

Біреу: Ол қазір жан сақтау бөлімінде өлім мен өмірдің ортасында арпалысып жатыр. Екі күн бұрын көшеде машина қағып кетіпті.

Ерболат: Жан сақтау бөлімінде дейсіз бе?

Біреу: Жиырма жыл үйіне бір келмесе де, жалғыз артымнан қалған тұяғым ғой. Ота жасауға үлкен қаражат керек болып тұр. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Туыс-туғандардан, ағайыннан бәрінен сұрадым.  Осы бойда қалаға келіп, барлық баламның жолдастарын аралап келем. Бәрі теріс айналды. Маңайларының жанына жолатпайды да. Енді жалғыз үмітім өзің ғана. Өзіңді иманды адам деп естіп едім. Барлығын қайтарамын. Тек ұлымды аман алып қалшы, жалынамын саған.

(Даниярдың сөйлеген сөзі Ерболаттың есіне түседі)

Біреу: Ай, Ерболат сен не ойлап кеттің?

Ерболат: Жоқ, жай ғой. Жақында ғана Даниярды көргенде істелінбей қалған талай істерім бар деп еді. Лайым жазылып кетіп сол шаруалары орындалсын. Қазір аға.

Қатша, жүре қойшы. Қатша, ана қыздың тойына жинаған ақшаны ағаға әкеліп бер.

Әйелі: Құдай-ай! Тойымызда жақындап қалған жоқ па? Ертең қайтарып бере алмаса не істейміз?

Ерболат: Қатша, той құдайдың қазынасы. Бізде той ғой. Ал оларда адамның өмірі қыл үстінде тұр ғой. Қайтарса, қайтарар. Қайтармаса  құдай бір жөнін берер.

Әйелі: Дұрыс айтасыз. Қазір

Көршісі: Қорқыныш түбі қуаныш болсын. Мұндай кезде мұсылманның қаруы дұға ету. Дұға етейік.

(қолын жаяды) Алла тағала балаңның деніне саулық, дертіне шипа бере көрсін. Иә, алла тағалам бұл пендеңе дұрыс жол көрсетіп, істерін бір беткей етерсің. Аумин.

Біреу: Айтқаныңыз келсін. (әйелі ақша әкеп береді)

Ерболат: Аға, міне Данияр тез жазылып кетсін. Өзіңіз де аман болыңыз.

Біреу: Ой, Ерболат. Рахмет саған. Жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын. Сендей  ұлы бар әкең бақытты екен. Сені осындай иманды етіп етіп тәрбиелеген әкеңнің аруағына бүгін құран бағыштармын-ау осы. Ал сау болыңыздар.

Әйелі: Алла шипасын берсін, аға! Ай, апа мен атаға қиын болған екен.

Көмекшісі: Ерболат аға!

Әйелі: О, о балалар да келді ғой.

Көмекшісі: Ерболат аға, жақсы жаңалық. Біреу емес, екі демеуші табылды.

Ерболат: ай, жарайсың, арысым! Ата, ел болам десең, бесігіңді түзе деген бар емес пе? Бір балабақша салайын деп едім, соған демеушілер табылыпты.

Көршісі: ай, жақсы болған екен.

Ерболат: Жүріңіздер, бір жақсылап шай ішейік.

Көрші: Ой буй, мені кемпірім күтіп қалатын болды.

Әйелі: Шай дайын тұр. Ата — ау, мен сізге айттым ғой. Апаны біздің үйге алдыртып бір көршілер болып шүйіркелесіп шай ішейік. Жүріңіздер.

Өмір деген асау жартас жарасы

Сол жартасқа бас ұрғандар қаншама

Тірі болсаң бұл өмірдің әлі талай сыры бар

Тек алдыға қарайлаңдар адамдар

Сүрінбеңдер бұл сынақтан берілген

Кәнекей, дос көтере біл ерлікпен

Екі дүние бақытын тапқың келсе егерде

Алла деген сөзіңді жоғалт пашы кеудеңнен

Осыған ұқсас жазбалар:

БастауышЫ. Алтынсарин "Дүниеде жамандық неден"

- 5821599

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!