Отбасы тұтастығының бұзылуы

11 қараша 2016 - Таншолпан Айбек

Отбасы тұтастығының бұзылуы

     Отбасын жасайтын және нығайтатын күш –махаббат:әке мен шешенің, әке мен балалардың, шеше мен балалардың өзара сенімді, адал, шын берілген махаббаты. Алайда махаббат басқа бір жақтан, сырттан келетін шабыт немесе таң шапағы емес. Махаббат дегеніміз –орасан зор еңбек.

В.А.Сухомлинский

 

Отбасы бұл – адамзат қоғамының басты институты болғандықтан, сөзсіз, қоғамның ықпалында болады. 20-шы ғасырдың ортасынан бастап отбасы институты елеулі және қайталанбас өзгерістерге ұшырады. Ғұмырлық некеге тұрақтылықтан бас тарту, айырылысу мен некенің бұзылуы, толық емес отбасы мен өгей ата-аналы отбасы санының артуы, баланы алдырып тастау мен некесіз бала туу үдеп бара жатқаны байқалады. Міне, осындай келеңсіз мәселерді болдырмай, олардың алдын-алу қоғам алдында тұрған жалпы міндет деп санаймын.

 Отбасы адам баласының өсіп — өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтіп жатады.  Әке мен ананың арасындағы сыйластық, өзара түсінушілік, олардың бір-бірін ұғынысуы, сыйласуы, қандай мәселер болсын, материалдық, әлеуметтік, қоғамдық және экономикалық мәселерді шешуде пайымды шешімдер тауып жатса, бұл отбасының берекесі мен берері де мол болатыны мәлім. Ата-аналардың татулығы отбасының күре тамыры болып табылады. Өйткені ол балаға берілетін тәрбие және әлеуметтік мәселелердің тууына әкеп соқтырады. Ал олардың атқаратын міндеттері шексізде шетсізде. Ата-аналардың балалары алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, білім беру, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерін орындауы, ал балалары алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады.

Елбасымыз Отбасылық тәрбие беру жөніндегі сауаттылықты арттыру арқылы әрбір отбасы мүшелерінің педагогикалық мәдениеттерін жетілдірудің жолдарын көрсете отырып, әрбір ата-ананың өзінің ата-аналық міндеттерін орындауға шақырып қана қоймайды, онымен қоса міндеттейді. Көпке белгілі жыл өткен сайын жастар арасында некенің бұзылуы белең алып келеді. Албырт жастар отбасының құндылығына мән бермейді. Сонын салдарынан көптеген балалар толық емес отбасында тәрбиеленуде. Көп ата-аналар тұрмысын жақсартамын деп жұмысбастылыққа бой алдырады. Материалдық жағын түгендеймін деп жүргенде, бала тәрбиесі сырт қалады. Еш мұқтаждық көрмеген кейбір бала өзімшіл болып өседі, тіпті әке-шешесін түсінуден қалады. Ондай кезде «Неге баламыз көңілімізден шықпады» деп қынжылып жатады. Сонымен қатар, отбасында зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі керек. Себебі, тыныштық, сыйластық, түсіністік салтанат құрған отбасында ғана береке бар.

Отбасы­ның бұзылуына қоғамдағы жаһандану, шет ел құндылықтарын сіңіру факторлары әсер етеді. Алайда, ажырасушылардың көбісінің ортақ мәмілеге келулері қиын. Содан кейін көп жас ерлі-зайыптылар бір-бірінің алдарына қойған мақсаттарын түсінбейтін сияқты. Әлгі жаһандану құндылықтары мен қазақи тәрбиенің қарама-қайшылығы да отбасы шырқының бұзылуына әсер етеді. Бұларға әлеуметтік, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды қосыңыз. Өйткені, көпшілігіміз үйсіз-күйсіздікті, тұрмыс тауқыметін, жұмыссыздықты бас­тан кештік, кешіп те жатырмыз… Енді екі жас, ерлі-зайыпты осындай қиындықтарға шыдас берсе, төзімділік танытса, бірлесіп, бір-біріне демеу болса, жарасып кетері сөзсіз. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын». Қал-қадірлерінше байыпты қадам жасаса, жетімдік те жойылады.

Отбасы-шағын мемлекет. «Әкем, шешем және мен» деп сәбилеріміз шаттанып, алақан соғатын осы шағын мемлекетімізге ие бола алып жүрміз бе? Ие болсақ қоғамымыздағы сәбилер неге тірі жетім атанып,  көздері жасаурап қалып жатыр? Осындай мүшкіл халге жеткенімізді кімнен көреміз? Қандай жағдай болса да әңгіменің басы тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі таңда шаңырақтағы шаттықты сақтап, ұрпақтың жаман жолға түсіп, адаспауының алдын-алу мақсатында Астанада «Отбасылық тәрбиелеу» институты құрылып, әр аймақта соның орталықтары ашыла бастады. Шаңырақ иелері  педагог, психолог мамандарынан өздерін толғантып жүрген мәселелерге жауап алған. Институт бас директоры, профессор Софья Львовна Евдокимова: «Отбасылық тәрбие институтын құру- уақыт талабы болды. Мен педагогтарға арналған кітап жазғанда «Баланы емес, ата-аналарды тәрбиелеу керек» деп жаздым. Ол үшін үлкендерді партаға қайтадан отырғызудың қажеті жоқ.  Біздің институттың жанынан ата аналарға педагогикалық білім беретін университет құрылды. Ата-аналар тығырыққа тіреліп, жол таппаса бізге келетін болды. Психолог кеңесшілер кез келген уақытта қысылған жанға көмекке келе алады.  Қазақстандық  отбасылардың үлгілі отбасын құрулары үшін және еліне лайықты азаматтарды өсіп өндіруге өз үлестерін қосулары үшін еліміздің ата аналар қоғамдастығымен, болашақ ата аналармен бірігіп, жүйелі түрде, мақсатқа жұмылдырылған жұмыстар жүргізуде. Отбасы- жеке тұлғаның бесігі емес пе? Әрбір шаңырақ иесіне отбасылық сауатын ашудың кезі келді. Ашылып жатқан отбасылық тәрбие мектебі отбасы жөнінде ақыл- кеңес алып, балаларымен жұбайлары арасындағы түсіністік қарым- қатынасты жақсартам дегендерге көмекке келеді» -дейді.

Ұрпақ — болашақ, адамзаттың болашағы, дұрыс тәрбие берілсе,  қоғамға да, еліне де, жеріне де ол болашақтың берері де мол болады.  Отбасы бұл – қиын қыстау мезеттерде көмекке келетін, жетістіктеріңізге бәрінен де артық қуанатын жақын адамдарыңыз. Қазыбек бидің мынау нақылы бүгінгілер үлгі тұтарлық:  «Тату болса – ағайын жақын, ақылшы болса – апаң жақын, инабатты болса – келін жақын, бауырмал болса – інің жақын, сыбайлас болса – нағашың жақын, еркелейтін немерең жақын, өз ұрпағың – шөберең жақын, бәрінен де өмірге әкелген анаң жақын». Міне, осындай ғибраттарды біліп, ұғып өскен ұрпақ қана ажырасуға, басқа да отбасының тыныштығын бұзуға кесірі тиетін келеңсіз қадамдарға бармайды деп ойлаймын.

 

                                                                                                           Сартоғай негізгі мектебінің     

                                                                                                                  әлеуметтік педагогы Айбек Т.

- 5821765

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!