Жыныс жасушаларының бөлінуі-мейоз. Онтогенез

III. Жаңа  сабақ – 13 минут

            Мейоз. Мейозды бөлінудің өзіндік ерекшелігі бар. Мейоз процесі үздіксіз жүретін жүйелі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең мейоздың бірінші бөлінуі немесе редукциялы бөліну, екінші кезең эквационды бөліну деп аталады. Мейоздың бірінші бөлінуінде хромосомалардың саны екі есе азаяды. Сондықтан бұл редукциялы бөліну (редукция – екі есе азаю) деп аталады. Мейоздың екінші бөлінуі жыныс жасушаларының пайда болуымен аяқталады.

Редукциялы бөліну.  Редукциялы бөліну  митоз  сияқты  төрт  фазадан   тұрады:

 І профаза, І метафаза, І анафаза және І телофаза.

Редукциялы бөлінудің профазасы өте күрделі. Ол бірін-бірі толықтыра жүретін бірнеше сатыдан тұрады. Атап айтқанда, жіңішке жіпшелер сатысы, қосарлы жіпшелер сатысы және жіпшелердің бір-бірінен алыстау сатысы және т.б. деп аталады.

Жіңішке жіпшелер сатысы (лептотена).  Бұл сатыда хромосомалардың жіпшелері екі еселеніп шумақ түзіледі. Электрондық микроскоппен қарағанда әрбір хромосоманың екі жіпшеден тұратындығы байқалады. Бұл – хромосомалардың екі еселенуінің профазада жүретіндігінің дәлелі.

Қосарланған жіпшелер сатысы (зиготена). Бұл сатыда гомологті хромосомалар бір-біріне тартылып жақындасады. Хромосомалардың өзара жақындасуын  конъюгация  (жабысу) деп атайды. Хромосомалардың конъюгациялануы оның ұш жағынан басталып, ортасына қарай ауысса, ал екінші бір хромосомада конъюгация процесі олардың ортасынан ұштарына қарай ауысатандығы дәлелденді.

Жіпшелердің бір-бірінен алыстау сатысы (диплотена). Бұл сатыда конъюгация барысына қарама-қарсы процесс жүреді, яғни жақындасқан хромосомалар бір-бірінен ажырайды. Ұқсас (гомологті) хромосомалар бір-бірінен алшақтағанда, Х тәрізді фигуралар пайда болады, олар хиазмалар деп аталады. Хиазмалар кезінде ұқсас хромослмалар өздерінің үлескілерімен алмасады, мұны айқасу немесе кроссинговер деп атайды.

І Метафаза. Профазаның соңы, метафазаның басында ядро қабықшасы еріп, ядрошықтар жойылады. Осы ядро қабықшасының еруіне байланысты кариоплазма мен цитоплазма араласып кетеді. Хроматидалар (жас хромосомалар) экватор жазықтығына жинақталады, соңынан оларды ферменттердің жәрдемімен ахроматин жіпшелері іліп алады. Осыдан кейін анафаза басталады.

I Анафаза. Анафазада ұқсас хромосомалар екі полюске қарай тартылады. Әрбір хромосома екі жіпшеден тұрады. Сондықтан анафазада қарама-қарсы полюске бүтін хромосомалар тартылады. Осыған орай пайда болған жас ядродағы хромосома саны бастапқы аналық жасушадағы хромосома санына қарағанда екі есе азаяды. Хромосомалар санының осылай азаюын редукциялану деп атайды.

I Телофаза. Телофазада тең бөлінген ұқсас хромосомалар екі полюске жинақталады, ядро қабықшасы түзіліп, ядрошықтар синтезделеді. Жасушаның заттары бұрынғы қалпына келеді. Сонымен бірінші телофазадан соң гаплоидті хромосома жиынтығы бар екі жасуша түзіледі. Содан кейін іле-шала екінші телофаза жүріп, гаплоидті хромосомалары бар төрт гамета түзіледі. Ескеретін бір жағдай: бірінші телофаздан кейін ДНҚ екі еселенбейтіндіктен гаплоидті хромосома жиынтығы бар гаметалар пайда болады. Демек, мейоздық бөліну кезінде хромосомалардың саны екі есе азаятын болғандықтан, бірінші мейоздық бөліну редукциялық деп аталатындығын ескерген жөн.

Эквационды бөліну. Мейоздың эквационды бөліну барысы митоз процесіне ұқсас болғандықтан оны қарастырмаймыз. Жыныстық жолмен көбеюдің эволюциялық дамудағы маңызы өте зор. Оның жыныссыз жолмен көбеюден негізгі артықшылығы: екі организмнің тұқым қуалау ақпараты қосылып, организм жаңарады. Осыған байланысты жаңарған организмнің сыртқы ортаға төзімділігі арта түседі.

Мейоздың биологиялық маңызы.

1. Конъюгация және айқасу барысында гендердің комбинациялануы жүреді. Ата-аналардың қасиеттері алмасып, жыныс жасушаларында тұқым қуалайтын өзгергіштік (мутация) пайда болады;

2. Хромосомалардың комбинациялануының нәтижесінде тұқым қуалайтын өзгергіштік күшейіп, жаңа формалар қалыптасады;

3. Мейоздың биологиялық мәні – хромосомалар саны екі есе азайып, гаплоидті хромосомалары бар гаметалар түзіледі.

 

Ұрықтану. Ұрықтану дегеніміз – гаплоидті хромосома жиынтықтары бар аналық және аталық жыныс жасушалары ядроларының қосылуы. Ұрықтанған жасушаны зигота дейді.

 

Онтогенез – организмдердің жеке дамуы.

Жасуша ұрықтанған соң организмнің жеке дамуы – онтогенез басталады. Онтогенез екі кезеңге бөлінеді: эмбриондық (ұрықтық) даму және постэмбриондық (ұрықтан кейінгі) даму, яғни организмнің жұмыртқа қабығын жарып шыққаннан кейінгі кезең.

Эмбриология (грекше «embryon» — ұрық, «logos» — ғылым) – организм ұрығының дамуын зерттейтін ғылым.

Мысалы, адамның эмбриондық дамуын бейнеролик арқылы тамашалайық.

Бластула. Ұрықтанған жасуша, алдымен, екіге, одан соң төртке бөлінеді. Бұдан кейінгі бөліну көлденең бағытта жүріп, сегізге, одан кейін бойлай бөліну мен көлденең бөліну кезектесіп, нәтижесінде, 16,32,64,128, т.б бластомерлерге айналады. Бір қабатты іші қуыс бластулаға айналады.

Гаструла – іші қуыс екі қабат жасушалардан тұратын ұрық. Бұл екі қабат ұрық жапырақшалары деп те аталады. Гаструла сатысындағы сыртқы қабатты – энтодерма немесе сыртқы ұрық жапырақшасы деп атайды. Энтодерманың ішкі қуысы бірінші реттік ішектің, ал оның сыртқы ашылатын тесігі бірінші реттік ауыздың бастамасы болып есептеледі. Эктодерма және энтодерма қабаттарының арасынан үшінші қабат – мезодерма қалыптасады.

Нейрула сатысы кезінде дернәсілдің немесе ересек организмнің жеке мүшелері дами бастайды. Эктодерма қабатынан бірнеше жасушалар бөлініп төмен түседі де, одан жүйке тақташасы түзіліп, ол жүйке түтігіне айналады. Эктодерма қабатынан бокал тәрізді екі көз, тері жабын жүйесі, есту мүшесі және иіс сезу мүшелері пайда болады. Энтодерма қабатынан пайда болған түтіктен ішкі мүшелердің бастамасы, ас қорыту жүйесі, өкпе, бауыр, ұйқыбезі және т.б мүшелер дамиды. Мезодерма қабатынан бұлшық ет, шеміршек, қаңқа, бүйрек және  болашақ организімнің қан тамырлары жүйесі пайа болады.

Постэмбриондық даму  организімнің жұмыртқа қабықшасын жарып шыққаннан кейін, ал ұрығы құрсақта дамитын  сүтқоректілерде туа салысымен басталады. 

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ тіліЕтістіктің шақтарын қайталау

МатематикаЖай бөлшектерді оқу және жазу

БиологияФОТОСИНТЕЗ, ОНЫҢ САТЫЛАРЫ ЖӘНЕ БИОСФЕРАДАҒЫ ҒАРЫШТЫҚ РОЛІ

МатематикаНатурал көрсеткішті дәреже

Орыс тіліЗвонкие и глухие согласные

- 6201319

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!