АНДРАГОГИКА - ЕРЕСЕКТЕРДІ ОҚЫТАТЫН ҒЫЛЫМ

25 қазан 2017 - Жанар Жартынова

 

АНДРАГОГИКА  — ЕРЕСЕКТЕРДІ ОҚЫТАТЫН ҒЫЛЫМ

Насырова Гульнара Усеиновна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

ҚР ББЖ ҚБАРИ мониторинг және талдау бөлімінің басшысы

Жартынова Жанар Алибековна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

ҚР ББЖ ҚБАРИ мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы

Мұқан Ләззат Бақытжанқызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

ҚР ББЖ ҚБАРИ мониторинг және талдау бөлімінің жетекші маманы

Мен әрдайым оқуға құштармын,  алайда мені оқытқан кезде әрқашан өзімді жайсыз сезінемін.

 Уинстон Черчилль

 «Андрагогика» термині 100 жылдан бері қолданылып келеді, оны ғылымға 1833 жылы педагогика тарихын зерттеуші неміс тарихшысы А.Капп енгізген. «Педагогика» сөзімен ұқсастық негізінде құрылған бұл терминнің шығу тегі грек тілінен (грек.andros – ересек адам және agogge – басшылық, тәрбие) бастау алады. Егер сөзбе-сөз аударатын болсақ, андрагогика — бұл "адамды жетелеу" (адамтану ғылымы). Андрагогиканы түрлі бағытта: ғылыми білім саласы, әлеуметтік тәжірибе, оқу пәні ретінде де қарастыруға болады.

Бұл тақырыпты әр жылдары Гер ван Энкеворт, әлеуметтанушылар Юджин Розеншток, Э. Линдеман және т.б зерттеп дамытқан, «андрагогика» термині 1950 жылдарда Швейцария, Германия, Югославия, Нидерланды сынды елдердегі бірнеше басылымда сөз етілген. 1951 жылы Хайнрик Ханзельманның «Андрагогика: ересектерге білім берудің мәні, мүмкіндіктері мен шегі» атты кітабы жарық көрді. 1957 жылы неміс педагогі Франц Поггелер «Андрагогикаға кіріспе: ересектерге білім берудің негізгі мәселелері», ал 1959 жылы Югославияда М. Огризович «Андрагогика мәселелері» атты кітабын шығарды. Осы жылы Нидерландының профессоры Т.Т. тен Хаве «андрагогика ғылымына арналған» конспект жоспарын басып шығарды.

1960 жылдан бастап Еуропаның бірқатар елдеріндегі университеттерде андрагогика факультеті ашыла бастады, олардың қатарында Загреб және Белград (Югославия), Будапешт пен Дебрецен (Венгрия), Амстердам (Нидерланды) университеттері бар. Ересектерді оқыту мәселелеріне бағытталған журналдар пайда болып, андрагогикалық қоғамдар құрылды, «Андрагогика» пәні университет бағдарламаларына енгізіле бастады. Алайда, Й.Райшманның айтуы бойынша «андрагогика» терминінің ересектерге ағылшын тілінде білім беретін әлеміндегі «ұлы кезеңі» АҚШ-тың ересектерге білім беру ісіндегі жетекші ғалымы Малколм Ш.Ноулздан басталды.

1968 жылы М.Ш.Ноулз андрагогика туралы өз көзқарасын баяндап жазған «Андрагогика, педагогика емес» атты алғашқы мақаласын жариялады. М.Ш. Ноулз клиникалық психология, дамыту психологиясы, әлеуметтану және әлеуметтік психология, философия сынды әлеуметтік ғылымдардың бірқатар жетістіктеріне сүйенеді. М.Ш.Ноулз түйсіктің мінез-құлыққа әсері жайындағы Зигмунд Фрейдтің, Карл Юнгтің (адам санасы төрт қызметі: түйсіну, ойлау, сезу және ішкі түйсінуді атқаратындығы туралы), Эрик Эриксонның (адамның «сегіз жасын» атап көрсетті), Абрахам Маслоудің («қажеттілік қауіпсіздігінің» маңызы) және Карл Роджерстің (білім берудегі тұлғаға бағытталған тәсілдеменің бес болжамы) идеяларын қарастырды.

М.Ш.Ноулз ересектерге білім беру саласындағы ғалымдардың көпшілігі оқудың проблемаларын алдымен балаларды оқытумен байланысты теорияларды ересектерді оқытуға бейімдей отырып шешуге тырысқандығы туралы жазды[1].

XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейде және шетелде халықты ағарту ісінің түрлі формаларын (жексенбілік және кешкі мектептер, халықтық мектептер, мұражайлар, кітапханалар) ұйымдастыруға тікелей қатысы бар қоғам қайраткерлері мен ойшылдары жинақталған тәжірибе негізінде ересектерді оқытудың мақсат-міндеті мен ерекшеліктері жайында өз тұжырымдарын білдірген басылымдар пайда бола бастады. Ресейде «андрагогика» термині  20-жылдарда ересектерге білім беру саласындағы белгілі педагог Е. Н. Медынскийдің және өзге де педагогтар мен халыққа білім беру ісі қайраткерлерінің еңбектерінде талқылана бастады (Е.Н.Брюнелли, С.Е.Гайсинович, Е.Н.Голант, Н.К.Крупская, Л.П.Лейко, А.П.Пинкевич, К.А.Попов, А.Ф.Рындич, А.И.Филытинский, С.А.Цыбульский және т.б). Ересектерді оқыту ісі бастапқыда балаларға білім берудің теориясы мен практикасы ретінде құрастырылған педагогиканың ұстанымдары мен қағидаттары негізінде құрыла алмайды деген пікір ұсынды.

90-жылдары Ресейде андрагогика мәселелеріне арналған еңбектер топтамасы (С.Г.Вершловский, М.Г.Громкова, С.И.Змеев және т.б) шығарылды. Сонымен қатар ресейлік педагогикада мамандыққа кіріспе ретінде кәсіби-техникалық, арнаулы орта және жоғары білім беруде ересектерді оқытудың заңдылықтарын сипаттайтын зерттеулердің үлкен тәжірибесі (С.Я.Батышев, А.П.Беляева, Г.А.Бордовский, Н.В.Кузьмина, Э.А.Манушин, А.М.Новиков, В.А.Поляков, В.А.Сластенин және т.б) жинақтала бастады.

С.Змеев, М.Кларин, В.Исаев, А.Бояршинов сынды ғалымдар білім беру кеңістігіндегі жаңа ғылымның мәселелерін: андрагогиканың өзектілігі (кең ауқымдағы білім беру нарығының бағытталуы), андрагогиканың педагогикадан ерекшелігі (ересектерге білім берудің балаларды оқытудан айырмашылығы), қағидаттары, оқыту технологиялары мен нәтижесін талқылады. С.Змеевтің еңбектерінде білім алушылардың психо-андрагогикалық диагностикасының ерекшеліктері туралы нақты ұсыныстар берілген.  Андрагогика педагогикадан негіз алады, сондықтан ересектерді оқытуды ұйымдастыру кезінде педагогикадағы Е.Паркхерсттің дальтон-жоспарын, когнитивті психология (Р. Солсо); іс-әрекет және танымдық үдеріс психологиясы, тұлға психологиясы, үйрету теориясы (Б.Ф.Скиннер, И.П.Павлов), педагогикадағы нейролингвистикалық бағдарламалау (М.Эриксон, С.Ковалев, С.Горин, А.Бакиров) және білім беру технологиялары (М.Кларин) сынды жетістіктерін де пайдаланған дұрыс.

Қазақстанда ересектерді оқытуды әзірлеу және жүргізу тәжірибесі алпыс жылдай уақытты қамтиды, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесінде Б.А.Альмухамбетов, Р.С.Димухаметов, А.А.Жайтапова, С.Т.Мухамбетжанова, К.С.Мусин, Б.А.Койшибаев, Н.А.Лебедева, Б.А.Тургунбаева және т.б авторлар ұсынған педагогтарды оқытумен байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілгені мәлім.

Андрагогика ғылым саласы ретінде барлық даму сатыларынан әлі өткен, оны түрлі ғалымдар ғылым, білім және білім берудің жаңа саласы, педагогикалық ғылымның бағыты мен саласы, ғылыми білім мен әлеуметтік тәжірибе аясы, ересектерге білім берудің теориясы мен практикасы, оқу пәні және т.б ретінде қарастырады. Эмпирикалық материал жинақталған, алайда көптеген жетілдірілген модельдердің (андрагогикалық оқыту моделінен басқа) әзірленуі жайында мәлімет жоқ, өз кезегінде М.Ш.Ноулз айтқан біртұтас теория құрылмады. Осының барлығы әлі күнге дейін андрагогиканың дербес ғылым ретінде тұрақталмағандығын білдіреді [1].

 Қазіргі таңда Еуропаның барлық бөлігінде «андрагогика» терминіне қарағанда «ересектерді оқыту», «алдағы білім алу» және «ересектер педагогикасы» терминдері жиі қолданылып жүр. Соған қарамастан, И.А.Колесникованың сөзіне сәйкес, андрагогика «адамның үздіксіз білім алуы, тек қана ересектерді білім беруді ұйымдастыру ісіне тарту немесе өндірісті, экономиканы, адамзат қауымын дамыту мақсатында үздіксіз білім беру жүйесін құруға қарағанда жаһандық деңгейдегі құбылыс екенін түсіну маңыздырақ». Оқытудың нақты бір кезеңі, оқу орнының «қабырғасы» мен ережелерімен шектелмеген жағдайда үздіксіз білім алу өміршеңдік, ал адамның өмірі үздіксіз білім алу үдерісі сипатына ие болады. Өмір бойы үздіксіз білім алу адами қасиеттердің (басқаша айтқанда,  адами келбеттің) толысуына ықпал етеді. Осы орайда ересек білім алушыны жетелеу– мемлекетік және қоғамдық құрылыстың барлық деңгейінде үздіксіз білім алу үдерісінің дамуына ықпал ету дегенді білдіреді. [2]

 

Әдебиеттер тізімі:

1.                Андрагогикалық тәсілдеменің негізгі ұғымдары. Кукуев А.И.// Оңтүстік Федеральді Университетінің Хабарлары. Педагогикалық ғылымдар. № 9, 2009.– 57-64 бб.

2.                Андрагогика негіздері. И.А.Колесникованың ред. Мәскеу, ACADEMA. – 2007.

3.                Барвенко О.Г. Ересектерге шетел тілін үйретудегі кедергілер. Автореф. псих. ғыл. канд. дисс… — Дондағы Ростов, 2004.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осыған ұқсас жазбалар:

Өзін өзі тану​Өзін-өзі тану пәнінде оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыру

ИнформатикаКеш тақырыбы: Лицей дарабозы

БаяндамаЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ПАЙДАЛАНУДАҒЫ ТИІМДІЛІГІ

- 5675440

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!