Бүгінгі шәкірт көгершін, болашағың көгерсін!

8 қаңтар 2018 - Анар Мейзбекова

Тақырыбы: Бүгінгі шәкірт көгершін, болашағың көгерсін!

1-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! « Бүгінгі шәкірт көгершін, болашағың көгерсін!» атты бастауышпен қоштасу ертеңгілігімізге жиналып отырсыздар. Қадамдарыңызға нұр жаусын! Алдарыңызда тұрған балалар 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын тәй-тәй басып аттаған кіп-кішкентай бүлдіршіндер еді. Енді міне, бойлары да, ойлары да өсіп, әріп таныған, бастауыш сынып білімін аяқтап, жоғары сыныпқа қадам басқалы отыр.

  Бүгінгі біздің көгершіндеріміз, болашақтарың көгеріп, көктеп, биіктерге самғаңдар» деген тілекпен бастауыш сынып түлектерін ортаға шақырамыз.

1.       Білімімен үлгі болған сыныпқа,

Отырмайды ойланбастан тынып та.

Ақзере біздің өнегелі, өнерлі

Арасында достарының беделді.

2.       Өнер қуған жасынан,

Сөз асырмас басынан.

Намысқой біздің Заңғар

Табылар дос қасынан.

3.       Сыйлап сәлем береді,

Үлкендерді көргенде

Қарақатты сыныпта

Ізетті деп біледі.

4.       Ертеңгі күнін ойлайтын,

Бес алам деп қалмайтын.

Арлы біздің Ерсұлтан

Жалқаулыққа бармайтын.

5.       Сабақтан бір қалмайды,

Әсем әнін арнайды

Біздің нәзік Лашын

Би билеуден талмайды.

6.       Мен дәрігер боламын,

Үлкеннің де, баланың

Деп жүр ғой біздің Айкүнім

Өзім емдеп жазамын.

7.       Ал мен әнші боламын,

Бекболаттай, Қайраттай

Дейді біздің Нүркен

Таудан асқан талабым.

8.       Жыр оқып тарихын ол танытқан,

Кітап оқып білімін де дамытқан.

Әсемгүл сыныбымыздың озаты

Білімін ол болаттай ғып қорытқан.

9.       Жақсы көремңн математика сабағын

Ұшқыройға бар менің талабым

Бір-ақ жазуға келгенде

Жүрмей қалады қаламым дейді Нұрым

10.   Үлкендерді сыйлаған,

Сабырлы да салмақты.

Ұқыптылыққа бойлаған

Айша біздің талапты.

11.   Әзілді жаны сүйеді,

Армансыз ол күледі.

Жәнібек біздің әрқашан

Жып-жинақы жүреді.

12.   Бойында алаулаған жалын,

Жақсылық толғандырып жанын.

 Гүлайым біздің қайтпай үйге

Ойлаумен жүреді сыныптың қамын.

13.   Мен үлкейіп толамын,

Сіздей ұстаз боламын.

Деп жүр ғой біздің Айғаным

Үлгісі кіші баланың.

14.   Мен есейіп толамын,

Спортсмен боламын.

Дейді біздің Дәулетхан

Таудай үлкен талабым.

15.   Буындарым былқылдып

Мен де биші боламын.

Дейді біздің Бота

Мен де ер жетіп толамын

16.   Сынып намысын ақтаған,

Жүрекке сыр сақтаған.

Намысқой біздің Қыдырәлі

Мектебін қоймай мақтаған.

Хормен:

Құрбыласпыз, тұрғыласпыз,

16 мыз күлімдейміз,

Бір бақшаның гүліндейміз.

Таланттымыз, қанаттымыз,

Жақсы оқимыз сабақты бәз.

Хор: «Дос болайық бәріміз»

1ші жүргізуші:

Бүгін сендер бойларыңа білімнің жарық сәулесін сыйлаған, көп нәрсені үйреткен ұстаздарыңмен қоштасқалы отырсыңдар.

Айғаным:

Басса бұрыс, жол сілтеп қате дейсің,

Әр балаға сен ана, әкедейсің.

Болашақтың көктеген жас шыбығын

Бағбанындай аялап, мәпелейсің.

 

Ақзере:

Ұстаз сөзі күн нұрына пара-пар,

Шәкірт оның әр сөзінен нәр алар.

Ізгілік пен мейірімге толы ол

Шуақ болып жүректерге таралар.

Айкүнім:

Жалықпай үйреттің де балаларды,

Өмірге тарту еттің даналарды.

Ізгілікке жол ашып көрсетумен

Қара шашың қыраулап ағарады.

Ерсұлтан:

Болса менің кішкентай бір табысым,

Қорғағаным ұстазымның намысын.

Ұстазымша білсем деймін өмірді

Ұстазымша болса деймін әр ісім.

Заңғар:

Ұқсаттыңыз сіз бізді балаңызға,

Ұқсатып ек біз сізді анамызға.

Жақын тарттық біртіндеп, бауыр бастық

Жүргеніңді ұнаттық арамызда.

Лашын:

Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға,

Тарап демде кетеді шаршауың да.

Бал-бұл жанған, балғын жүз, жәудір көздер

Тұрғаныңда солардың қоршауында.

Қыдырәлі:

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі.

Ән шашу, әсем әуен, түрлі өнер

Бүгінгі күн сіздерге арналады.

 

 

1 ші жүргізуші:

-              Осынау алтын ұяда теңдесі жоқ ана да, дана да, жаны шуақ та, нұрлы жүрегі Сарыарқаның самалына татитын ізгі жан барын бәріміз жүрегімізбен сеземіз. Ол – ұстаз. Ендеше ортаға  Алма Мажикенқызын шақырамыз.

2- ші жүргізуші:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас

Үйретуден балаға – деп Абай атамыз айтқандай білім нәрімен сусындатып, көп нәрсені үйретті. Сондықтан да алғашқы ұстазымызға мың алғыс.

Лашын: «Ұстазым менің»

Бота:

Қоссаңдар бірді екіге үш болады

Деуші едің білімменен күш толады.

Алғыр бол, әдепті бол, сабырлы бол

Ақылмен іс істесең іс болады.

Беруші ең бізге айтып өлең-тақпақ

Таласып алушы едік біздер жаттап.

Өзіңіз баға қойған күнделікті

Жоғалтпай өмір бойы жүрем сақтап.

Нұрым:

Ақылшым, асыл ұстазым,

Жолымды айқын нұсқадың

Қасыма кеп қанша сен

Қамқор боп қалам ұштадың

Әсемгүл:

Білім алған өзіңнен

Дәрігер, ұшқыш не ғалым.

Саған ыстық сезіммен

Қарайды жұрт мұғалім

Мен де өзіңді әрдайым

Қамқоршым деп ұғамын.

Күліп атқан таңдайын

Жарқынсың сен мұғалім.

Хор: «Ұстазым»

Айша:

Мектеп- кеме, білім теңіз,

Барар жерге тез жетеміз

Адаспаймыз ұлы жолда

Ұстаз берген білім қолда.

Дәулетхан:

Мектеп- сенсің адалдықты үйреткен,

Мектеп- сенсің жамандықтан жиренткен.

Мектеп- сенсің жақсылықты ұран ғып

Мектеп- сенсің мені жұртқа сыйлы еткен.

2 ші жүргізуші:

-          Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, көкті шарлаған ғарышкер де бәрі де мектеп деген алтын ұяда  тәлім мен тәрбие алып,  ұстаздың алдын көрген. Сондықтан біз алтын ұя мектебіміздің алдында, ұлағатты ұстаздар алдында құрметпен бас иеміз.

1 ші жүргізуші:

Ұстаз жаққан шырақты,

Өшірмейік балалар.

Бәрін-бәрін білесің

Оқи берсең кітапты – дей келе, балалар бәріңді зерделі, көңілдерің сәулелі болуға шақырамын.

Айғаным:

-          Болашаққа бізді не бастайды?

-          Ұстаздың көрсеткен жолы.

-          Ата-ананың ақылы.

-          Болашаққа деген сенім.

Ерсұлтан:

-          Біз нені үйрендік?

-          Оқуды, жазуды

-          Ән айтып, би билеуді

-          Үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды

-          Елімізге жақсылық жасауды

Айғаным:

-          Біз кімді және нені сүйеміз?

-          Отанды, халқымызды

-          Ата-ананы, достарымызды

-          Мектебімізді, табиғатты

Ерсұлтан:

-          Біз нені ажыратамыз?

-          Жақсылық пен жамандықты

-          Ақ пен қараны

-          Арамдық пен адалдықты

Айғаным:

-          Біз болашақта кім боламыз?

-          Адал азамат

-          Оқымысты ғалым

-          Елін сүйген ер

Хор: « Қазақстан ұландары»

2 ші жүргізуші:

-          Құрметті ұстаздар біз сіздер оқытып жүрген барлық пәндерді ардақтаймыз. Сөздеріңізді ынта қойып тыңдаймыз. Жан- жақты білім бергені үшін әрбір пән мұғаліміне алғысымыз шексіз.

1 ші жүргізуші:

Арманым боп аңсаған,

Мәңгілік қалдым мекендеп.

Өзіңе арнап жыр айтам

Ардақтап сізді өтем деп.

Ұстаздарға арнау

Бота:

Жұмыста ылғи қайсарлы,

Көрмейміз мұндай жайсаңды.

Ұжымның мықты ұстазы

Мұқат ағайды айтсаңшы.

Лашын:

Өзіңді өзіңе танытқан,

Бойымызға ізгілікті дарытқан.

Дина апай өзіңізге мың алғыс

Шәкірттердің ой-өрісін дамытқан.

Әсемгүл:

Компьютерді Айман апай оқытқан,

Экономика сырын бізге тоқытқан.

Ізгілік пен ізеттілікке жетелеп

Ақыл кенін болаттай ғып қорытқан.

Дәулетхан:

Шынығудың сырын үйреткен,

Шын көңілмен жүрекпен

Бекзат ағай керемет

Достастырған спортпен.

Ақзере:

Рая апай орыс тілін дарытқан,

Ойландырып ой-сананы дамытқан.

Баршаңызға тілеріміз жақсылық

Арналады өлең атты шабыттан.

Гүлайым:

Сары бояу сарғалдақ,

Қызыл бояу қызғалдақ.

Деп үйреткен жасымнан

Баян апай асыл жан.

Айкүнім:

Жетілдіріп жеткіншектер білімін,

Сырын ашқан ағылшынның тілінің.

Гүлжаз апай еңбегіңді бағалап

Сізге шексіз алғыс айтар сыныбым.

Хор « Ұстазым ақылшы дос»

2 ші жүргізуші:

Ана десем алғыс алам халқымнан,

Ана десем теңіз болам шалқыған.

Ана десем ашылады қабағым

Ана десем әділдікті ұғамын.

Айкүнім: «Анашым»

Бота: «Асыл әже»

Орыс биі

1 ші жүргізуші:

Мектеп мектеп бақытқа толды үйің

Ұша білсек болмас ау қону қиын

Бастауыштың соңғы әнін шырқап бүгін

Бастауыштың билейміз соңғы биін

Нүркен: «Әкешім»

Қыздар биі

Ақзере: «Ақдариға»

Мінекей келдіңіздер сабақтастар,

Шығатын шың, қол бұлғайды биік асқар.

Төрт жыл оқып өрелі білім алдық

Кез келді, енді ілгері қадам бастар.

2 ші жүргізуші:

Асыл сөздің ұстазы,

Ақын болар ұрпақпыз.

Өнер білім еңбекке

Жақын болар ұрпақпыз.

Әсемгүл: «Қазақы дастархан»

Айғаным: «Біздің ауыл»

Бота: Өзбек биі

1 ші жүргізуші:

Тұрмыз міне бастауышпен қоштасып,

Жетіліп ек бәріміз қол ұстасып.

Іс ілгері, толығып біліміміз

Теріс басып жүрмейікші шоқ басып.

2 ші жүргізуші:

Өнерліге толы болар ел іші,

Өнердің мол кеніші.

Ер ұландар сахнада, қарсы алыңыздар

Жастар биі жаңалықтың жемісі.

Ұлдар биі

Ақзере: ән

 

 

1 ші жүргізуші:

Бізге шаттық әкелді,

Басшы болып әр істе.

Ұсынғаны адалдық

Үйреткені адамдық

Біз басшыға тілейміз,

Бақыт табыс амандық – дей келе сөз кезегін мектебіміздің директоры Ибраева Жанар Ермекқызына береміз.

2 ші жүргізуші:

Өнеге мол өзінде,

Өсиет көп сөзінде.

Көңілінің хошындай

Мәдина апай осындай. Сөз кезегін оқу ісінің меңгерушісі Сыздықова Мәдина Айтбекқызына береміз.

1 ші жүргізуші:

Қай кезде де бағыт сілтеп көлемді,

Бізге үйреткен тәрбие мен тәлімді

Анар апай ісіңізден бақ тауып

Шығардыңыз талай талант өнерді. Сөз кезегін тәрбие ісінің меңгерушісі Смайлова Анар Сәбитқызына береміз.

2 ші жүргізуші:

Әке- асқар тау,

Ана- етегіндегі бұлақ.

Бала- жағасындағы құрақ дей келе ата- аналарға сөз кезегін береміз.

Мұғалім:

Алдыңда ұзақ жолың бар,

Оқумен өсіп толыңдар.

Қиындыққа мойымай

Аман есен болыңдар   бүгінгі бастауышпен қоштасып тұрған оқушыларға тілегімді білдіремін. Ата- аналар сіздерге де қуаныш, бақыт, шаттық тілеймін. Балаларымыз біздің де сіздердің де еңбектерімізді ақтасын, елін сүйген ұл қыздар болып ер жетсін.

Осымен бастауышпен қоштасу ертеңгілігіміз  аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахмет.

- 2347597

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Блогтағы жазбалар